$541.34 €640.73 ₽6.53
×

ШҚО-да пробация талаптарын бұзған әйел бас бостандығынан айырылды

ШҚО-да пробация талаптарын бұзған әйел бас бостандығынан айырылды
Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысында пробация қызметінің қызметкерлері сот жүктеген міндеттерді орындамай, 9 ай бойы бақылаудан бой тасалаған әйелге қатысты көрсетілімдік сот процесін өткізді.

Аталған азаматша бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған болатын. Сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, қоғамнан оқшаулаусыз түзелуге мүмкіндік берген. Алайда пробация есебінде тұрған әйел сот белгілеген талаптарды бірнеше рет бұзып, бақылаудан жасырынған. Кейін ол 9 ай бойы іздеуде болып, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында танысының үйінен ұсталды. Белгілі болғандай, бұл уақытта кішкентай бала әжесінің қарауында болған. Ал әйелдің жұбайы да қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Көрсетілімдік соттың шешімімен пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып, бас бостандығын шектеу жазасы 3 жыл мерзімге нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Әйел қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберілді, ал баланың қамқорлығы әжесіне рәсімделді. ШҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова мұндай жағдайлар сот берген мүмкіндікті пайдалана алмаудың салдары ауыр болатынын көрсететінін атап өтті.

— Сот кәмелетке толмаған баласы бар азаматтарға қоғамнан оқшаулаусыз түзелуге мүмкіндік береді. Алайда бақылаудан жалтару мен міндеттерді орындамау қатаң жазаға әкеледі. Ең өкініштісі — ересектердің жауапсыздығынан балалардың зардап шегуі, — деді ол.

Мамандардың айтуынша, мұндай көрсетілімдік сот процестері қайта қылмыс жасаудың алдын алу және пробация есебінде тұрған азаматтарға заң талаптарының маңызын түсіндіру мақсатында өткізіледі.