$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылады

AstanaTV
15.05.2026ж. 19:00
Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылады

Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Түркістанда мақсаты мен мүддесі бір 5 мемлекет бас қосып, жасанды интеллект және цифрлық даму тақырыбында нақты жоспарын жүйеледі. Жиында түрлі тақырыптар қаузалып, ұйымға мүше елдердің болашағына бағдар жасалды. Ары қарай тілші тарқатсын.

Түркістан аспаны халқының мінезіндей ашық әрі шырайлы. Сірә Тұран төрі қонақ күтетінін білсе керек. Мемлекет басшысы шаһарға жеткеннен кейін, Өзбекстан президентімен бірге рухани астанаға тарту еткен жаңа мешітке ат басын бұрды.

Түркістанда Түркі өркениеті орталығы құрылады. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуеті пайдаланылады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Сол себепті мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды, сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі.

Бес бауырлас халық бас қосқан жиында ынтымақтастық пен іскерлік жайы сөз болды. Президент қақтығыстар мен саяси теке тірестердің бауырлас елдерге де ықпалын атап өтті. Таяу Шығыстағы оқиғаның ұйымға мүше елдерге әсері сезілгені еді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы өте маңызды. Себебі, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар. Қазіргі таңда түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтуы керек. Ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс деп санаймын.

РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазіргі әлемде киберқауіпсіздік құрлықтағы да, теңіздегі де және әуедегі де қауіпсіздік сияқты маңызды. Осыған байланысты біз ұйымымыз аясындағы киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты үйлестіруді жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз.

Білім мен ғылым жарыстырған заманда бұл салаға инвестиция бөлу-  заңдылық. Ал жарыс арқылы жастарды шыңдау ілгерілеу екені анық. Президент түркі елдерінің жастары арасында ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастыру жайын айтып әрі сол ел азаматтарын оқытуға арнайы гранттар бөлуге дайын екенін жеткізді.  Жиында жасанды жүйені дамытып, ортақ хаб ашу, ғарышты бірігіп игеру мен цифрлық қолтаңба қолданысы да қаузалды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді. Биыл қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 млн долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады. Бұл - айрықша мәні бар стратегиялық ресурс.

Тоқаев Түркі әлемінің тарихын цифрлы саланың сиқырлы тетігі арқылы жүйелеуді ұсынды. Бұл халықтардың тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру жобасы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын.

Иә, жиында көтерілген тақырыптар ұйымның да, оған мүше мемлекеттердің де болашағына оң әсер ететіні анық. Жасанды интелектіден басталған бас қосу, ортақ хаб құру жобасын да жолға қоймақ.