$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Мәскеуде қалың түскен қар тұрғындарды әбігерге салды

AstanaTV
05.02.2018ж. 20:00
3443
Мәскеуде қалың түскен қар тұрғындарды әбігерге салды

Ал Ресей астанасы Мәскеуде қалың түскен қар тұрғындарды әбігерге салды. Төтенше жағдайлар қызметі рекордты көрсеткіште жауған қармен күресіп әлек. Биліктегілердің мәліметінше, екі мыңдай ағаш қар мен мұз құрсауында қалған. Адам шығыны да бар. Жергілікті халық мұндай ауа-райы соңғы рет қашан болғанын еске түсіре алар емес. Ресейдің гидромет орталығы ел астанасында қауіптілікке орай күн райының қызғылт сары деңгейін жариялады. 

Мәскеу қар құрсауынан шығуға тырысып жатыр. Қайда қарасаң да бір көрініс. Ондаған трактор мен төтеншеліктер тынымсыз жұмыс істеп жүр. Соңғы екі тәулікте жауған қардың қалыңдығы 50 см. Бұл бір айлық жауын-шашынның мөлшері. Бір түнде коммуналдық қызмет миллион текше метр ақ ұлпа шығарды. Бірақ мұндай көп мөршерді тасып үлгеру физикалық тұрғыда қиын болып тұр. Қалың қарға қуанып жатқандар әзірге тек ойын балалары, аққала жасап мәз. Мектептерде биліктің шешімімен сабақ тоқтатылған.

Сергей Собянин, Мәскеу қаласының мэрі:

Жолдағы жағдай күрделі. Сондықтан тұрғындарды мүмкіндігінше жеке автокөліктермен жолға шықпауға шақырамын.

Бұрын-соңды болмаған  қардан ұзын сонар көлік кептелісі туындады. Ақ ұлпа мен мұзға шыдас бермей сынған ағаштардың саны екі мыңнан асты. Мәскеу көшелеріне қазір 15 мыңдай  қар тазалайтын техника мен 70 мың жұмысшы шыққан.

Омбы қардан жаяу жүруге де мүмкіндік жоқ. Қар тізеден келеді. Дейтұрғанмен  мәскеуліктер мұндай ауа-райына дән риза.

Ауа райы ертегідегідей, керемет.  Жаңа жылда да мұндай болмаған. Қарды тазарту қиын болғанмен, есесіне көңіл-күйіміз тамаша.

Күн райы «керемет» болғанымен, көктайғақта жарақат алғандар да бар. Бір адам қайтыс болды.  Синоптиктердің болжауынша, қардың екпіні қайтты. Түнде қатты аяз болады деп күтілуде. Коммуналдық қызметтегілер қарды шағарып үлгеруі тиіс. Таңға жақын мұз қатса, аршылмаған көшелерді тазарту бүгінгіден де қиындай түседі.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ