Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ұлыбританияның Манчестер қаласында болған терактде 20-дан аса адам көз жұмды

AstanaTV
23.05.2017ж. 20:00
3209
Ұлыбританияның Манчестер қаласында болған терактде 20-дан аса адам көз жұмды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания премьері Тереза Мэйге көңіл айту жеделхатын жолдады. Сондай-ақ теракт кезінде жарақат алғандардың тез сауығып кетуіне тілектес екенін жеткізген. 

Кеше кешкісін елдегі Манчестер қаласында жарылыс болды. Қаза тапқандар саны 22 адамға жеткен. Тағы 60-қа жуығы жараланған. Қазір ірі сауда үйінде де жарылыс болды деген ақпарат тарап жатыр 

Манчестер көшелері қаңырап қалған. Көпшілік тіпті көшеге шығуға қорқады. Қазір тек қызыл жағалылар қаптап жүр,- дейді сол елдегі қазақстандық студент.

Азамат Жансейітов, Манчестер университетінің студенті:

Адам көп жерлерде күзет күшейген. Полицейлердің де саны артты. Бүгін «Арндейл» сауда үйін жауып қойды. Онда бомба қойылған деген күдік бар. Көшеде адамдар саны азайған. Менің курстастарым концертте болған жоқ. Таныстарымыз болған. Олар әлі өз-өзіне келе алмай жүр.

Ел премьері Тереза Мэйдің сөзінше, қаланы 400-ге жуық тәртіп сақшылары қадағалап отыр, жанкештінің кім екені мәлім болғанға ұқсайды.

Тереза Мэй, Ұлыбританияның премьер-министрі:

Бұл біздің корольдіктегі ең жантүршігерлік терактілердің бірі болып отыр. Полицейлер мұны бір ғана адамның ісі дейді. Ол расымен жалғыз ба әлде артында тағы біреулер бар ма, деген мәселені анықтап жатырмыз. Жанкештінің кім екенін білеміз, алайда тағы да нақтылауымыз керек.

Британия полицейлерінің айтуынша, жарылысты ұйымдастырған жанкешті жарылғыш құрылғыны өзімен алып кірген. Куәгерлер сөзіне сүйенсек, концертке кірерде тексеру мұқият жүргізілмеген сыңайлы. Қазақстан СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, жарылыстан қаза тапқандар мен жаралылар арасында отандастарымыз жоқ. Дегенмен, концерт кезінде стадионда 6 бірдей қазақстандық студент болған.

Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі:

Жергілікті полицейлермен сөйлестік. Елшілікте жедел желі жұмыс істеп тұр. Тіркеудегілерге барынша мұқият болу туралы айтылды. Қолда бар ақпарат бойынша, жараланғандар мен қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ. Концертте болған студенттер аман-есен тұрғылықты жеріне жеткен.

Дегенмен еркінсуге әлі ерте сыңайлы. Себебі «Арндейл» сауда үйіндегі жағдай жұмбақ болып қалуда. Бұл Манчестердің орталығында орналасқан ірі сауда үйі. Полицейлер ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Жарылысты ДАИШ содырлары өз мойынына алды.