Астана қаласының тұрғыны Павлодар облысының полицейлеріне атасын аман алып қалғаны үшін шынайы ризашылығын жеткізді.
Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына тұрғындардан алғыс хаттар жиі келіп түседі. Елдің әр өңірінен азаматтар тәртіп сақшыларының жеделдігі мен көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіруде. Жуырда кезекті алғыс хат елорда тұрғынынан келді. Оның жасы үлкен туысы тасжолда қиын жағдайға тап болған.
- 87 жастағы атамды құтқару кезінде жоғары кәсібилік, жеделдік, шеберлік және жанашырлық танытқан Павлодар облысы полиция қызметкерлеріне зор алғысымды білдіремін, - деп жазды өтініш иесі.
14 мамыр күні таңғы сағат 10:00 шамасында қария Toyota Avensis автокөлігімен Астанадан Павлодар бағытына жолға шыққан. Алайда кешкі сағат 18:00 шамасында онымен байланыс үзілген. Алаңдаған туыстары бірден полицейлерден көмек сұраған. Қызметкерлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде зейнеткер қысқа уақыт ішінде табылды.
Хабар Екібастұз қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне келіп түскен. Жедел кезекші Талғат Биялов ақпаратты дереу қабылдап, оны облыс аумағындағы барлық қызметтерге бағыттаған. Криминалдық полиция қызметкерлері Ғабит Сакинов пен Асхат Сатубалдинов техникалық жұмыстар жүргізіп, автокөліктің болжамды орнын Ақтоғай ауданы аумағынан анықтады. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері Олжас Шухметов пен Диас Атакиев бағдарынан жаңылып кеткен қарт жүргізушіні тауып, оны аман-есен туыстарына тапсырды.
— Егде жастағы адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген сәтте полицейлер жоғары адамгершілік пен кәсіби қасиеттерін көрсетті. Олар біртұтас, үйлесімді механизм секілді әрекет етті. Мінсіз қызметтері, антқа адалдығы және адам өмірін сақтап қалғандары үшін алғыс айтамын. Осындай мамандар Қазақстан полициясының оң беделін қалыптастырып, азаматтардың заң мен тәртіпке деген сенімін нығайтады, — деді қарияның немересі.
Ал тәртіп сақшылары өз кезегінде мұны ерлік емес, күнделікті қызметтік міндет деп санайтындарын жеткізді.
— Біздің басты міндетіміз — азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, Конституция мен заңдарда белгіленген құқықтық тәртіпті сақтау және өз қызметімізді абыроймен атқару, — деді полицейлер.