Зерттеулер бойынша еліміздегі 27 қалада алкомаркеттердің саны заманауи спорт алаңдарынан көп. Талдау тек екі қалада ғана оң нәтиже берген. «Дала қырандары» қоғамдық қозғалысының мүшелері осылай деп дабыл қағуда. Сондықтан олар жұмысты кабинеттегі жиналыстан емес, балалар ойын алаңынан бастауды жөн көрген.
«Дала қырандары» көпшілікті аула болашағын талқылауға шақырды. Себебі келешек ел тұтқасын ұстар азаматтар ойын алаңдарында өседі дейді. Сондықтан елжанды жастар көпшілікті оны күтіп ұстауға үндейді. Олар қаладаға 7 алаңқайды бақылауға алып, тазалық жұмыстарын күшейткен.
ЕРСҰЛТАН ИМАНҒАЛИ, «ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» ЖҚБ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫ ЛИДЕРІ:
Аптасына 1 рет, яғни 1 айда 4 рет осындай тұрақты түрде осындай жаттығу бағытымыз өтіп тұрады. Бірінші тазалық жұмысы кіреді. Өйткені жаңа айтып өткендей тазалық әркімнің өзінен басталуы керек. Әр келе жатқан жасөспірім болсын, біздің қыран болсын тазалықты ең әуелі өзінің ауласынан бастау керек. Тұрығындардың көзқарасы өте керемет. Бізді қолдайды. Кейде өздері де келіп жаттығу жасап жатқандар болады.
«Дала қырандары» 2023 жылы ел спортшыларының бастамасы негізінде құрылған. Көпшілікке жасөспірімдерге ішімдік сататын дүкендерге тосқауыл жасап жүрген азаматтар ретінде жақсы таныс. Негізгі мақсат, шағын кәсіпкерлікті тоқтату емес дейді олар. Заң мен тәртіпті сақтап, жастардың болашағына бей-жай қарамау екенін айтады.
ӘСЕТ СҰЛТАНҰЛЫ, «ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» ЖҚБ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:
Жасөспірімдерді орта тәрбиелейді. Неғұрлым бізде алкомаркеттер көп болған сайын соғұрлым біздің жастарымыз сол жаққа бағыттайды. Бүлдіршіндер бізбен жүргендей шығып ауланы көрсе, ол спортпен айналысады. Жастарды «Дала қырандарымен таныссаңыз» көшбасшылыққа үйретеміз. Бірігу дегеніміз бірге отыру емес, ол бір бағытта болу.
Жоспары айқын бірлестіктің құрамына еліміз бойынша 2 мың қыран тіркелген. Олар қоғамдағы түрлі мәселелерді сөзбен емес, іспен шешуге белді бекем буған.