$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақтөбелік әйел дәрігерлердің кесірінен жалғыз ұлынан айырылғанын айтады

AstanaTV
19.05.2026ж. 19:00
Ақтөбелік әйел дәрігерлердің кесірінен жалғыз ұлынан айырылғанын айтады

Ақтөбелік әйел дәрігерлердің кесірінен жалғыз ұлынан айырылғанын айтады. "Қате ем тағайындады", деп айыптайді. Магнитті резонансты томография мен компьютерлік томография қорытындыларын дұрыс оқымаған. Салдарынан қатерлі ісік асқынды дейді.   

18 жастағы бозбаланың денсаулығы былтыр сыр бере бастапты. Аяғы ауырып тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға қаралады. Жас жігітке «Артроз» диагнозы қойылып, парафин мен массаж тағайындапты.  Тіпті «әскерден жалтарудың айласы» деп шығарып салғандары да бар. Тек араға бірнеше ай салып, «Саркома» диагнозы қойылған.

СВЕТЛАНА ГОРБУНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Қолымда Ақтөбеде түсірген 8 МРТ мен КТ қорытындысы бар. Қараса бәрі де қате оқылған. Бізге “эхинококкоз” деген диагноз қойыпты. Астаналық дәрігерлер де аң-таң: “18 жастағы жігітке қалай эхинококкоз қойылған?” Деп таңғалып жатты. Мұндайда бірден онкомаркерге талдау жасау керек екен.

Уақыт өткен сайын Ярославтың жағдайы нашарлай түскен. Амалы таусылған отбасы елордалық дәрігерлерге жүгініпті.  Бірақ тым кеш, дерт асқынып кеткен. 

СВЕТЛАНА ГОРБУНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Дәрігерлер қатерлі ісіктің мидан басқа ағзаға түгелдей тарағанын айтты.  Тек бас миы  таза еді.  Қауіптің өте жоғары екенін, химиялық терапияны көтере алмауы мүмкін екенін де жеткізді. Мен соңына дейін күресуге дайын болдым. Қол қусырып отыра алмадым. Кейін ұлымды жансақтау бөліміне көтеріп, химиялық терапия бастады. Осылай 6 химия терапиясынан өттік.

Дәрігерлер саркоманы өте сирек ауру деп отыр. Мамандардың сөзінше қатерлі дерт миллион адамның біреуінде ғана анықталуы мүмкін.Сондықтан бастапқы кезеңде оны жарақатпен шатастырып жатады. Ярославқа нақты диагноз тек онкологиялық орталықта қойылған. Ал алғашқы болып қараған емхана дәрігерлері салғырттығы үшін тәртіптік жазаға тартылыпты.

ОЛЖАС ОРАЗАЕВ, М.ОСПАНОВ АТЫНДАҒЫ БҚМУ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Тексеру жүргізілді. Емханада ішкі аудит ұйымдастырылды. Сондай-ақ, тәуелсіз сараптамалық комиссия да құрылды. Қорытындыға сәйкес тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданды.

Тірі болғанда Ярослав бүгін 19 жасқа толар еді. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана дәрігерлерге берілген сөгіс тым жеңіл жаза деп есептейді. Біліксіз маманды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп, прокуратураға шағымданған.