Тянь-Шань қоңыр аюы Қызыл кітапқа енген. Олар табиғатынан адамға сирек шабуыл жасайтын аңдардың қатарына жатады. Салмағы 135-200 келіге дейін жететін бұл жыртқыштар негізінен теңіз деңгейінен 1500-3500 метр биіктікте тіршілік етеді.
Ұлттық парк мамандары туристер мен жергілікті тұрғындарға арнайы ескерту жасап, табиғат аясында жүргенде мына ережелерді қатаң сақтауды сұрады:
-Жануарларды тамақтандырмау: Жабайы аңдарды, әсіресе аюларды қолдан тамақтандыруға мүлдем болмайды. Бұл олардың инстинктін бұзып, адамдар жүретін жерге жиі келуіне әкеп соғады;
-Қалдықтарды тазалау: Демалыс орындарында тамақ қалдықтары мен қоқыстарды қалдырмау қажет, себебі оның иісі жыртқыштарды өзіне тартады;
-Қауіпсіз қашықтық: Жабайы жануарды көрген сәтте оған жақындауға, суретке түсу үшін мазалауға тыйым салынады.
Мамандар табиғи ортада түз тағысымен кездескен жағдайда барынша сабырлық сақтап, оның назарын аудармай, байқатпай қауіпсіз жерге шегіну қажеттігін ескертеді.