$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Мәдениет пен өнер қызметкерлері марапатталды

AstanaTV
21.05.2026ж. 19:00
Мәдениет пен өнер қызметкерлері марапатталды

Бүгін - мәдениет пен өнер қызметкерлері күні. Айтулы мерекеде сала саңлақтарының елге еткен еңбегі еленді. Президент ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан жандарды марапаттады.

Мәдениет саласының майталмандары мен өнерге еңбегі сіңген мамандар марапатталды. Қазақ руханиятының қайнарына айналған өнер иелері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, олардың ел мәдениетін дамытудағы өлшеусіз еңбегі еленді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды.

Мәдениет қай кезеңде де өркениетті елдің өзегі, ұлттың рухани айнасы екені анық. Өнердің өркендеуі үшін ең алдымен өнерпаздың тұрмыстық , қаржылық уайымы болмауы қажет. Себебі рухани ізденіс пен шығармашылық еркіндік тұрақты қолдаусыз толық ашылмайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа жасалып жатыр. Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын. Мәселен, соңғы бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі екі есе өседі.

Жыр өнерінде Жамбыл Жабаевтың дәстүрін жалғаған жыршылар, термені түсінген һәм халыққа ұсынған Сүгірдің мектебінен шыққан термешілер, күй өнерінде Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың мұрасын бүгінге жеткізіп жүрген күйшілер де назардан тыс қалмады. Осы бағыттағы қазақы өнерді қолдау үшін арнайы сыйлық тағайындалатыны туралы ақжолтай хабар жетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Төл өркениетіміздің осындай теңдессіз қазыналарын дәріптеп жүрген өнер адамдарына қолдау көрсету маңызды. Осы орайда, мен «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдайтын болдым. Бұл марапат дәстүрлі өнер өкілдерін қолдауға, олардың шығармашылығын насихаттауға, ұлттық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді.

Кітап мәдениетті қоғамның маңызын артттырып, мәнін ашады. Бүгінде елдегі «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы, «Жылдың он оқырманы» республикалық жобасы салаға серпін берері рас. Сондай ақ Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы кітапсүйер қауымның игілігіне беріледі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек. Мен өткен аптада Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Осы маңызды құжаттың негізгі мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни, адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту.

Кәсіби мереке күні мәдениетіміздің дамуына зор еңбек сіңірген бірнеше өнер қайраткеріне «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. Биыл елде жалпы саны 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болды.

Мәдениет – ұлттың рухын асқақтататын басты құндылық. Өнерге қолдау көрсетіп, руханиятқа жанашыр болу – келешекке салынған инвестиция. Театр мен музыка, кітап пен күй, жыр мен терме ұлықталған жерде ұлттық болмыс та жоғалмайды.