Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қарағанды облысындағы 170-тен астам ауылды су басуы мүмкін

AstanaTV
06.02.2018ж. 20:00
2437
Қарағанды облысындағы 170-тен астам ауылды су басуы мүмкін

Қарағанды облысындағы 170-тен астам ауылды су басуы мүмкін. Ал Алматыдағы қытымыр қыс мінезі көктемде әлек салуы мүмкін. Күннің суықтығы сел қаупін тудырған. Астанада да жағдай мәз емес. Бірақ мамандар дер кезінде алдын аламыз деп отыр. Қазгидромет болжамы қандай? Төтенше жағдай қызметі көктемгі тасқынды алуға дайын ба? Тілшілеріміз сұрақтарға жауап іздеп көрді. Олар студиямен байланысқа шығуға дайын. Қарағанды облысын жыл сайын су басады. Айжан, аймақта тасқынға қарсы дайындық жұмыстары басталды ма?

Айжан Қуаш, тілші:

Рахмет, Ләйлә, Қарағанды облысында су тасқынына дайындық жыл бойы тоқтаған емес. Өйткені өңірде жүз жетпістен астам ауылды су басу қаупі бар. Сондықтан өзен-көлдер мен суқоймаларға жақын елді мекендерді селден қорғау үшін 36 шақырым бөгет салынып, қайта қалпына келтірілген.

Өткенге үңілсек, 2015-2017 жылдары аймақта тасқын күшті болды. 4 жүзден астам үйді су басып, халыққа миллиардтаған шығын әкелді. Әсіресе, Бұқар жырау ауданының Садовое, Чкалово ауылдарында тасқын қаупі жоғары. Бұл ауылдар Нұра өзенінің бойындағы Самарқанд су қоймасының іргесінде орналасқан. Жылда сел басатын елді мекендер биыл ғана биіктігі 7 метр дуалдармен қоршалды.

Анатолий Шкарупа, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Бұл қар көп жиналып қалатын әрі өзендегі су арнасынан таситын жерлер. Біз осы тасыған суды ауылдарға жібермей ұстап қалуымыз керек. Тұрғындар алғашында дуалдарға үрке қарады. Қаншалықты тиімді екенін алдағы көктемде көреміз.

Тау мен дала суларынан зардап шегіп келе жатқан Қарқаралы ауданының ауылдары да бақылауда. Олардың суағарлары қоқыстардан тазартылған. Түскен қар дер кезінде аршылып жатыр. Шенеуніктер, сонымен бірге бірнеше суқойманы жөндеген. Алдағы жылы 4 жаңа тоған салып, ескілерін қайта қалпына келтіру жоспарда бар.

Айжан Қуаш, тілші:

Ауа райын болжаушылар Қарағанды облысына түскен қар қалыпты мөлшерден аспайды деп отыр. Алайда, өңірде осы және келесі айларда қар көп жауып, боран соғады, деген жорамал бар. Сондықтан, өткен жылдардан сабақ алған шенеуніктер, көктемгі тасқынға дайындық ешқашан тоқтамайды, деп отыр. Олжас, Алматыда жағдай қалай?

Олжас Нұржақып, тілші:

Иә, Айжан, алматылықтар көктемгі тасқынның алдын алуды қазірден бастап кеткен. «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі мамандарының сөзіне сүйенсек, мегаполистегі биылғы қыс қытымыр аязымен қауіп тудырып отыр. Себебі өзен-көлдерде қалың мұз қатқан.

Ал, ол еріп бітпейінше, аққан судың екпіні сыртқа жайылуы мүмкін. Сондықтан, мамандар көк мұзды қолдан ерітіп, тоспа жиегін кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде Кордон-Ақсай бағытындағы тасқынның алдын алған.

Сағи Бұралхиев, ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» ММ Алматы филиалының жетекшісі:

Ауа температурасы былтырғыдай емес. Суық. Әсіресе, түнгі мезгілде мұз қату процесі мейлінше жылдам жүреді. Содан барып жиектер тарылады, су арнасында кедергілер пайда болады. Бұл өзен суының тасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан барлық стационарлы бекеттер штатты режимде жұмыс істеп жатыр. 24 сағат үзіліссіз аумақты бақылауда ұстап отырмыз. Қандай да бір қауіп төнсе, дереу алдын-алу шараларын жүргіземіз.

«Қазселденқорғау» мекемесі мамандарының мәліметінше, тау қарының қалыңдығы қалыпты. Кей жерлерге тіпті аз түскен. Дей тұрғанымен, қар көшкіні қаупі әлі де болсын сақталып отыр. Мысалға, бүгінгі жауған ақ ұлпаны құтқарушылар қолдан құлатпақ.

Олжас Нұржақып, тілші:

Оңтүстік шаһардағы қыстың қытымыр мінезі тек мамыр айында ғана жіби бастайды. Мамандар сол кезде жұмысқа белсене кіріспек. Сел мен тасқынның алдын алу үшін әуеден көлдер мен өзендердің мөлшерін бақылап, артық суды ағызып отырмақ. Дауренбек, Астананың маңайын да су басатын еді, биылғы болжам қандай?

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:

Ия, Олжас... Биыл Астананың ешбір аймағын топан су баспайтын көрінеді. Әкімдік мамандары мұны сеніммен айтып отыр. Бірақ Төтенше жағдай департаментімен су басу қаупі бар 27 аймақты анықтаған. Оның ішінде жаңа теміржол вокзалы, әуежай сынды әлеуметтік маңызды нысандар да бар көрінеді. Алайда, алаңдауға негіз жоқ көрінеді.

Игорь Алексеев, Астана қаласы коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Проблема болмайды. Біз барлық шараларды жауапкершілікпен орындап жатырмыз. Ильинка, Талдыкөл, Аэропорт және жаңа ТЖ вокзалына ерекше көңіл бөлініп отыр. Белгіленген мерзімде апаттың алдын алатын тиісті кешенді шаралар атқарылатын болады. Қазірдің өзінде су қоймалардың жағасына құм төгіліп, Есіл жағалауында да тиісті жұмыс жүріп жатыр. 

Қазір бас қаланың тазалығын 800 техника бірлігі мен 500 қар тазалаушы қамтамасыз етеді. Былтыр қар көлемі 1 млн куб метрден асса, биыл 1,8 млн куб қар шығарылған. 2015-2017-ші жылдары топан судың салдарын жоюға үкімет ел бойынша 57,5 млрд теңге бөлгенін айта кеткен жөн. Жылда топан су астында қалатын жұрттың қамын жеген депутаттар ІІМ-не сауал да жолдаған еді.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Былтыр топан судың басуына метеорологтардың нақты ақпарат бере алмауы себеп деп айтылған болатын. Өткеннен сабақ алған ІІМ қарасты ТЖК басшылары, барлық жұмыстар дер кезінде атқарылады, деп жариялаған. Біз алдағы көктемге дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқанын білгіміз келеді. 

Дәуренбек Бақдәулет,  тілші:

Депутаттың алаңдар жөні бар, себебі метеорологтар биыл да көктемге жасалған нақты болжамды айтып бере алмай отыр. Ал, ТЖК мамандары болса, топан су жайлы сөз қозғауға әлі ерте деген сыңайда жауап қатты. Студия...

Рахмет, Дәуренбек.