Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Токио губернаторы Мемлекет басшысына қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын жеткізді.
– Сіздің көшбасшылығыңызды, сондай-ақ экономикалық өсім, жасанды интеллект, цифрландыру және инвестиция тарту бағыттарын дамытуды көздейтін іргелі реформаларыңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан өңірдегі экономикасы ірі, ресурсы мол ел ретінде Еуропа мен Азияны жалғайтын Орталық Азиядағы басты хаб рөлін нығайтып келеді, – деді Юрико Коикэ.
Президент пен губернатор цифрлық технология, инновация, халықаралық қаржы және білім беру секілді негізгі салаларда серіктестік орнату мүмкіндігін қарастырды.