$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жас толқынның басын қосатын ашық диалог алаңы ұйымдастырылды

AstanaTV
22.05.2026ж. 19:00
Жас толқынның басын қосатын ашық диалог алаңы ұйымдастырылды

Жастар - елдің ертеңі. Кейінгі буынның қоғамдық процестерге бейжай қарамай, мемлекет дамуына үлес қосуы - уақыт талабы. Бүгін Өскемен қаласында жас толқынның басын қосатын ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. «AMANAT» партиясы мұрындық болған «Bir tolqynda» кездесуіне студенттер, қоғам белсенділері мен блогерлер жиналды. Еркін форматта өрбіген жиында жаңа буын өкілдері өздерінің қоғамдағы орны мен белсенді азаматтық ұстанымдары туралы ашық пікір алмасты.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жастардың Қазақстан Республикасын әлемдік үрдістерге интеграциялаудағы өз рөлін қалай көретінін талқылап, ашық диалог құру өте маңызды. Бүгінгі кездесуде айтылған барлық ұсыныстар жіті талданып, олардың негізгі өзегі «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілетін болады.

ЖАНСАЯ ЖАНБОЛАТОВА, "ҚАЗЦИНК" ЖШС ЖАСТАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мұндай алаңдар жастардың өзін-өзі танытуына мүмкіндік беретін ерекше кеңістік қызметін атқарады. Мұнда қандай да бір ерекше немесе қызықты идеялар айтылмасын, оларды әрдайым тыңдауға әзір. Ол бастамалар ертең қоғамға пайдасын тигізуі мүмкін. Осындай алаңдардың көбейіп, іс-шаралардың жиі ұйымдастырылып жатқанына өте қуаныштымыз

Дәл осындай серпінді басқосу Ақтөбе өңірінде де жалғасты. Іс-шара төрт жүзден астам белсенді жастың басын қосып, заманауи жобаларды талқылау орталығына айналды. Батыс өңіріндегі жиынның ерекшелігі - еріктілердің тек көшеде емес, онлайн кеңістікте де белсенділік танытып, «Цифрлық волонтерлік» жобасын қолға алуында. Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Ақтөбе» футбол клубы мен «Таза Қазақстан» жобасы өзара меморандумға қол қойды.

ӘЛІШЕР ТЫНЫШТЫҚ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОФ ТӨРАҒАСЫ:

Дәл осы жерде біздер енді мемлекеттің саясатын, жастар саясатын, жастардың қоғамдағы белсенділігін талқылайтын боламыз. Бізге арнайы қонақтар келді. Дәл осы жерде біздің арнайы дайындалған спикерлеріміз жастарға өзінің кейстарын, өзінің тәжірибесімен бөлісу үшін дәл осы жастармен кездесуге қатысқалы жатыр.

АСЛАН ҚАЙЫРҒАЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Біз өзіміздің осы жасап жатқан жұмыстарымызбен, өмірлік өткерген жаңағы көрген нәрселерімізбен жастармен бөлісу мақсатында  оларды осы елімізге яғни қызмет етуге бір түсіндіре жұмыстарын әңгімелесу мақсатында келіп қалдық.