$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда мемлекеттік қолдауға үміткер 95 киножоба іріктеудің соңғы кезеңіне өтті

AstanaTV
22.05.2026ж. 19:00
Алматыда мемлекеттік қолдауға үміткер 95 киножоба іріктеудің соңғы кезеңіне өтті

Киножоба авторлары үлкен экранға шығу мүмкіндігі үшін бақ сынап жатыр. Үміткерлер фильмдерін арнайы комиссиялар алдында қорғайды. Қазақ киносының келешегі қандай? Салада қандай оң өзгерістер бар? Тілші тарқатсын.

Биыл байқауға 323 өтінім түсіп, оның 95-і финалдық кезеңге жолдама алған. Қатысушылар 3 күн бойы өз идеяларын, сарапшылар кеңесіне таныстырады. Отбасы, мәдени мұра, заманауи еңбек адамы, экология, спорт және балалар контенті тақырыптарына ерекше назар аударылды.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Мемлекет қаржысына түсірілетін туындылардың сапасы, мазмұндық тереңдігі мен жанрлық әралуандығы жыл сайын артып жатыр. Мұны мемлекеттік қолдауға ұсынылатын жобаларды іріктеу конкурсының ережелерін жетілдіру, талаптарды күшейту, сондай-ақ ашықтық пен әділдік қағидаттарын басты назарда ұстау бағытындағы жұмыстың жемісі деп білемін. Биылғы байқау да осы ұстанымдарға басымдық бере отырып жалғасуда.

Ұйымдастырушылар кейінгі жылдары отандық киноиндустрияда оң өзгерістер байқалып, жобалардың сапасы мен қоғамдық маңызы артқанын айтты.  Әрине көгілдір экрандағы контент ел үшін, ұлт үшін аса маңызды.

ҚҰРМАНБЕК ЖҰМАҒАЛИ. ҰЛТТЫҚ КИНОНЫ ҚОЛДАУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Жоспар бойынша біз жылда ең соңында 20 жобаны қолдаймыз. Ол 20 жобаның ішінде мысалы айтсам 12 толықметражды фильм болуы мүмкін. Қалғаны 8-і 4 деректі фильм, 4 анимациялық мультфильм болуы мүмкін.

Сарапшылар кеңесі барлық жобамен танысып болғаннан кейін мемлекеттік қаржыландыруға және ұлттық фильм мәртебесін беруге ұсынылатын қатысушылар тізімін жасақтайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық қорғау жүйесі іріктеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді.