$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Жалғыздық синдромы»...

AstanaTV
13.02.2016ж. 20:00
2518
«Жалғыздық синдромы»...

Жанын күйзелткен жарасы бар адамдардың арасында кімге барып мұңын шағарын білмейтіндер аз емес. Біреулер жауапты Жаратушыдан, ілім-білімнен іздейді. Біреулер жақынымен бөліседі. Спортпен, медитациямен айналысады, тағысын тағы. Әйтсе де. Үлкен қалаларда жалғыз тұрмаса да, жалғыз жүрмесе де жалғыз жортқан адамдар көбейіп барады. Сансыратқан сауалдарға жауап таба алмаған, әңгімелесіп, шер тарқататын сенімді, ақылы мол серік кездеспей немесе достарынан көңілі қалған, зорайтып айтсақ - өмірден баз кешуге дайын бейбақтар... Ал кез-келген сұранысқа ұсыныс шығады. Мейлі ол ішкі дүниеге, бөгде адамдарға «кіруге» болмайтын жансарайға қатысты болса да.  Бізде де «тыңдайтын құлақ» деген қызмет түрі шықты. Ол не қызмет, өркен жаюы мүмкін бе? «Жалғыздық  синдромының» себептеріне Азамат Алдоңғаров тереңдеп көрді. 

Дыбыстық қыстырма:

Кәні, балалар тамаққа келіңдер...Әй, телефонды тастаңдарсайшы, не болды?

МӘТІН Әбіловтер отбасындағы жағдай кез-келген қазақстандық отбасының үйіндегі күнделікті қалыпты көрініс. Бір әулеттің мүшелері бір дастархан басында тілдесуден қалып, смартфонға шұқшиып отырып шәй ішу, біз бен сіздің күнделікті әдетіміз. Әлем психологтарының бейресми деректеріне сәйкес жер жаһанды мекендейтін адамзаттың 30 пайызы жалғыз басты немесе қарым-қатынаста оқшауланған. Мамандар бұл үрдістің геометриялық ілгерілікпен асқынып жатқанын айтып дабыл қағуда. Және жалғыздықтың шешімін ғаламтордан іздеп, гаджеттерге үңілу проблеманы тіпті ушықтырды - дейді психологтар. Өмірде жұбын таппай еріксіз виртуалды қарым-қатынасты жөн көрген ересектерді айтпағанда, ойын баласы да «шыныдағы шексіз әлемге» байланған.

Бексұлтан Бекмырза:

Ойындарға құмармыз. «Уатцап», «ВК» дейді. Соларға құмармыз. Әр адаммен сөйлесесің, екі ортада болып жатқан әңгімелерді сол жақта айтып отырасың.

Тоғызыншы сынып оқитын Бексұлтан өз қатарластарының көпшілігі «тірі» әңгімеден, бір жақты «тыныш» тілдесуді таңдайтынын айтады.

Бексұлтан Бекмырза:

Мамамыз айтады, отбасымызда әке-шешеміз айтып қояды: «отырыңдар, тамаққа отырамыз дегенде» барлығы келмей, интернет миды улап алғаннан кейін әр шетте тыныштық жерде отырғысы келеді.

Үмітгүл Әбілова:

Ашылып әңгімелесуін әңгімелесеміз ғой. Бірақ көп жағы интернет жағына ауып отырады. «ой анауым қалып кетті, мынауым қалып кетіп барады,  мынаны бір ойнап алайыншы». Сондай қазір. Одан нервный да болады екен. Ашушаң болып барады баламыз.

Үмітгүл алты баланы дүниеге әкелген батыр ана. Бұрынырақ көп балалы қазақы отбасылардың  балалары бірін-бірі тәрбиелесе, бүгінде Құдайдан тілеп алған жалғыздың өзін ғаламтор тәрбиелейтіні үлкен проблема дейді. Интернет иіріміне түскен  бала ата-анаға ашылып әңгіме айта қоймайды.

Үмітгүл Әбілова:

Кейде өзіміз зорға сұрап аламыз. Не болып жатыр мектепте, не істедіңдер? Келе салып сұраймыз ғой енді бала шағамыздан. «Не болып жатыр, не жаңалық болып жатыр» деп мектепте. Қиындықтарын негізі айта қоймайды, білмеймін ғой. Қиындықтарын ашылып айта қоймайды.

Шешіліп шер тарқатпау проблемасы бір баланың басындағы жай емес. Отбасы, туыс, жолдас арасындағы байланыс жұқарғандықтан, іштей тынатындар көп. Дамыған өркениеттерде бұл проблема психологқа жүгінумен-ақ шешіледі. Ал бізде...

Айгүл Мұқатайқызы, психология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық Университетінің доценті:

Бізде, Қазақстанда дейік, шетелдегідей психологиялық көмек алу мәдениеті әлі қалыптаспаған, психологқа баруға жүрексінеді әлі. Түсінбейді, қашады немесе.

Осындай түсінбейтін, қашатындарға жаңа қызмет түрі шықты. Тіпті соңғы уақытта кеңінен таралып үлгерді. «Тыңдайтын құлақ» немесе «бос құлақ». Ішіңдегі жатқан сырмен, басыңа түскен қиыншылықпен бөліскің келсе, мархабат. Қазнеттен «экзотика» қызметті көрсететіндерді оңай табасың. Олардың парақшасында қызмет түрінің сипаты мен бағасы көрсетілген. «Көлеңкедегі» мамандар білікті психолог емес екенін ашық айтады. Осындай қызмет түрін көрсететін Алмас есімді жігітпен хабарласып көрдік. Кездесіп, жұмысы туралы айтып беруге уәде берген жігіт бір апта күттіріп, ақыры ұстатпады.

Айгүл Мұқатайқызы, психология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық Университетінің доценті:

Әр-түрлі тұрмыстық жағдайлар да болып жатады, адамның басына түсіп жататын қиындықтары өмірде. Сол жағдайларды жақын туыстарына айтайын десе қорқады, артынан өзіме одан сайын қиындық келеді ме деп. Немесе біреулердің жүрегін ауыртамын ба деп, жақындарымның. Достарына, әріптестеріне айтайын десе, тарап кетеді ме дейді. Сөйтіп адам қарадан-қарап көп адамның ортасында жүріп-ақ жалғыз қалады.

Өзін жапандағы жалғыз сезінетін жандардың қатары көбейіп жатқанын ересектердің өздері  де мойындайды. Себебі, қазір бәсекенің заманы. Қарапайым айтқанда жанталас өмір  – «бөрі арығын білдірместің» керімен сырттай жайдары, ал іші қан жылаған жандар жетеді. Егер бұл дерт  асқынып кетсе, суицид секілді қайғылы жағдайлардың көбейе беруі мүмкін.

Нұрлан Жәрдемғалиев:

Қазір балалар ата-анасымен көп сырласпайды. Интернетпен танысып алады, ал ол адамдарды танымауы да мүмкін, ол бала ғой. Соған көп сеніңкірейді әке-шешесінен көрі.

Астана қаласындағы «Тыңдайтын құлақ» қызметінің ғаламтордағы парақшасына кіргендердің саны төрт мыңға жуық. Демек  жан дүниесін ақтарып салып, шер тарқататын адамы жоқ жандар көп деген сөз. Қызметтің  Павлодар сияқты облыс орталығында да  кең етек жаюы да көп нәрсені аңғартады. Бірі  қарыштап дамып жатқан жас қала болса, енді бірі қазақы болмысы ассимиляцияға көп ұшырап, дәстүрлі отбасылық институт құндылықтары ұмытыла бастаған өңір. Алайда «Ұлттық тәрбие» деп қысқа қайыра салуға да болмайды. Дәстүр сақталатын оңтүстікте тұратын көп балалы Үмітгүл де балаларының дастархан басына емен-жарқын жинала қалмайтынын, балалар үшін смартфон «айнымас досқа» айналғанын айтып отыр.  

Адамзатқа атомды ашып әйгілі болған Альберт Энштейннің қорқынышы ойға орала береді. «Мен технологиялар адам қарым-қатынасын алмастыратын күннің міндетті түрде туатынынан қорқамын. Сол кезде әлемге жарыместердің буыны келеді» деген екен...

Азамат Алдоңғаров, Айзада Төребекқызы, Еркін Қарин, «Біздің уақыт».