Қызылордада халықаралық балаларды қорғау күніне орай ботаникалық бақ пайлануға берілді. Мереке күні жеткіншектерге тарту етілген демалыс орны Президент саябағы аумағында орналасқан. Кешен тек демалып тынығуға ғана емес, балалардың танымдық көкжиегін арттыруға бағытталған.
Жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайтын кешенде 92 түрлі, 3500-ге жуық өсімдік егілген. Олар Африка, Оңтүстік Америка, Австралия, Жапония сияқты әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген. Оларды Қызылордаға жерсіндіріп, өркен жайып кетуіне экологтар тер төкті. Бүгінде барлығы жайқалып, баққа сән беріп тұр.
ЕРЛАН МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, БОТАНИКАЛЫҚ БАҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Көп бөлігі Голландиядан тікелей Қызылордаға алдыртты. Бұл жерде автоматтандырылған суару жүйесі, температуралық, ауа температурасын ылғалдылығын ұстап отыратын, барлығы автоматтандырылған.
Ботаникалық бақ балалар үшін серуендейтін орын ғана емес, табиғат пен ғылымды ұштастыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға негіз болатын кешен. Мұнда кішкентай зерттеушілердің ізденісі үшін барлық жағдай жасалған.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Ботаникалық бақта жас жеткіншектердің ой өрісін кеңейтіп, өсмдіктердің эко жүйедегі маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Ертең осы бақтан біздің аймақтың ғана емес, бүкіл еліміздің экологиясын зерттейтін болашақ үлкен ғалымдар, геологтар мен агрономдар шығады деп сенеміз.
Кешен мерекеге орай балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру және тың жобаларды жүзеге асыру мақсатында ашылып отыр.