$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Таза Қазақстан»: биыл 720 мыңнан астам ағаш егілді

«Таза Қазақстан»: биыл 720 мыңнан астам ағаш егілді
ortcom.kz

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 1477 іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 2 млн тонна қалдық жиналды, 2,8 млн га аумақ тазартылып, 5,5 млн түп ағаш отырғызылды. Жыл сайын бұл іс-шараларға 5,5 млн адам қатысады. Биыл акциялардың жаңа кезеңі ауа райын ескере отырып, кезең-кезеңімен басталды. Бұл жайында ҚР ЭТРМ Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмагамбетов ОКҚ алаңында айтты.

23 наурыздан бастап «Наурызнама» шеңберінде Тазалық күніне орай оңтүстік өңірлер іске кірісті. Күн жылынғанда акцияға солтүстік және орталық аймақтар да қосылды.

«Ең ауқымды шаралар «Таза қала-таза аула», «Мөлдір бұлақ», «Жасыл болашақ», «Жер сағаты» экологиялық акциялары аясында ұйымдастырылды. 25 сәуірде республиканың барлық өңірінде аумақтарды санитариялық тазарту және ағаш отырғызу бойынша ауқымды экологиялық акция өтті. Ең белсенді 20 адам Президенттің алғыс хатымен марапатталды. Жалпы, өткен кезеңде ел бойынша 124 экологиялық іс-шара өткізілді, 260 мың тоннадан астам қалдық жиналды, 48,5 мың га аумақ тазартылды және 723 мыңға жуық ағаш отырғызылды», – деді спикер.

Акцияларға 2,7млн адам, соның ішінде 326 мың волонтер қатысты. «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың маңызды элементі - азаматтарды экологиялық мәселелерді шешуге тарту. 2024 жылдан бері «@TazaQazBot» чаты жұмыс істейді. Ол арқылы тұрғындар аумақтардың ластануы, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері және басқа да экологиялық мәселелер жайлы хабарлай алады. Өткен 2 жылда қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын азаматтардың артып келе жатқаны байқалды. Мысалы, 2024 жылы 9,9 мың өтініш келіп түссе, былтыр олардың саны 26 мыңнан асты. Платформа іске қосылғалы барлығы 44 мыңнан астам өтініш қабылданды. Негізгі тақырыптар: аумақтарды жинау, тұрмыстық қоқыстарды шығару, көшелерді абаттандыру және жолдарды жөндеу.