$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елімізде 300-ге жуық адам тіл оқыту курсына сеніп, сан соғып қалды

AstanaTV
04.06.2026ж. 19:00
Елімізде 300-ге жуық адам тіл оқыту курсына сеніп, сан соғып қалды

300-ге жуық адам тіл үйренеміз деп сан соғып қалды. Танымал блогер мен әртістер жарнамалаған соң сендік деген олар қомақты қаржы құйып, көп ұзамай оқу тоқтап қалған. Сөздерінше, оқуытушыларына да еңбекақысын бермеген көрінеді. Мәселенің мән-жайын Айгерім Есенкелді анықтап көрді.

Курсты сатып алушылардың айтуынша,  аптасына 3-4 мәрте сабақтар жеке өтіледі деп уәде етілген. Блогер, әртіс жарнамасынан келгендерге керемет жеңілдік барын айтып, қосымша тегін тілдер де үйретеміз деп, онлайн келісімшарт жасап, ақысын алдын ала қабылдаған көрінеді. Кейбірі бөліп төлеуге рәсімдеп, әлі күнге дейін төлеп келе жатырмыз, ал сабақтар өтіліп жатқан жоқ дейді.

СӘУЛЕ КҮСБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен қызыма бола алып бердім. 10-шы сынып бітіріп, 11-ге көшті қызым. Ағылшын тілін жақсы меңгеріп, әйтеуір бір жақсы маман иесі болсын деп. 420 000 теңгеге 6 айға алып бердік курс, 2 жылға рассрочкаға бөліп. 1 ай жақсы өтті сабағы әйтеуір. Біз өзіміз қайта-қайта сұрап, мазалап, звондап, өйткеннен кейін, «Қашан өтеді? Қашан болады?» деп. Одан кейін сабақтар уже тоқтатылды.

ЛӘЗЗАТ АСАНХАНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына әншілер, актрисалар не жарнама істеп жатқанын алдын ала зерттеп, талқылап барып істесе екен. Ақшаға құныққанда да бұл болмайды ғой олай істеуге.

Осыған қатысты әлеуметтік желіде әр өңірден зардап шеккендердің наразы жазбалары көбейді. Сабақтардың не себепті тоқтағанын сұрағандарға, оқытушылар еңбекақыларының төленбегенін айтқан. Ал орталық басшылығы қаржылық қиындықтарға тап болғанын жеткізді.

ТІЛ ҮЙРЕТУ ОРТАЛЫҒЫ:

Кейінгі кездері орталық қаржылық қиындықтарға тап болды. Соның салдарынан оқу процесін толық көлемде жалғастыруда қиындықтар туындады. Кейбір студенттерде сабақтардың тоқтап қалғанын жоққа шығармаймыз. Иә, қаржылық қиындықтарға байланысты кейбір мұғалімдер 1 жыл бойы уақытылы алынып жүрген жалақыларын, соңғы ай ала алмай қалды. Бұл жағдай біз үшін де өкінішті. Қазіргі таңда мәселені шешу мақсатында мәмле жүргізіліп жатыр. Жалақы мәселесі толық 1-2 ай көлемінде толық шешіледі.

Мәселе ұзақ уақыт шешілмеген соң, азаматтар полицияға арыз түсірді.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Полицияға бірінші арыз бүгін түсті. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағы бойынша тіркелді. Яғни, бір емес, бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша. Міндетті түрде тілдер курсының басшылығы анықталып, олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Араларында келісімшарт болған болса, олар міндетті түрде зерделеніп, процесуалдық шешім қабылданатын болады.

Орталық басшылығы қаржы өтеледі, оқуды жалғастырам деушілерге де сабақтар қайта жалғасады деп отыр. Алайда курсқа жазылғандар әзірге нақты әрекет көрмегендерін айтып, мәселенің тезірек шешілуін талап етуде.