Алматы облысының Шамалған ауылында белгісіз ер адам көшеде кетіп бара жатқан әйелдің мойнына арқан салып, қылғындырды. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазбада кешкісін көшеде қарсы бағытта келе жатқан ер адамның әйелге кенеттен жақындап, мойнына арқан салғаны көрінеді. Абырой болғанда, жәбірленуші қарсылық танытып, қашып құтылған. Туыстарының мәлімдеуінше, күдікті әлі күнге дейін бостандықта жүр. Ал полиция аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын және күдіктіні анықтауға бағытталған іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Әйелге жасалған шабуыл фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекетке қатысы бар тұлғаны анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шараларының кешені жүргізілуде. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу жалғасуда.