$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Германиядан шығып, әлемді аралап жүрген туристің сапары Ақтөбе облысында апатпен аяқталды

AstanaTV
09.06.2026ж. 19:00
Германиядан шығып, әлемді аралап жүрген туристің сапары Ақтөбе облысында апатпен аяқталды

Германиядан шығып, әлемді аралап жүрген туристің сапары Ақтөбе облысында апатпен аяқталды. Алға ауданында шетелдік азаматтың көлігі жол жиегінде тұрған жеңіл автокөлікке соғылып, салдарынан екі адам жарақат алды. 4 айлық сәби мен анасы Алға аудандық, кейін қалалық ауруханаға жеткізілді. Қазір зардап шеккендердің жағдайы тұрақты.

65 жастағы Германия азаматы Дитер Эдвин Альбрехт бірнеше жылдан бері әлемді аралап келеді. Оның үйі де, көлігі де бір жерде- арнайы жабдықталған тіркемеде. Ішінде ас үй, жатын орын, жуынатын жері бар. Сапар серігі-адал иті. Еуропаның ондаған елін артқа тастаған саяхатшы бұл жолы Қазақстан арқылы Армения, Әзербайжан мен Грузияға жетуді жоспарлаған. Алайда Алға ауданында оның бағыты күтпеген жерден өзгерді.

ДИТЕР ЭДВИН АЛЬБРЕХТ, САЯХАТШЫ:

Алыстан қарағанда алда тұрған көліктің тоқтап тұрғанын байқамадым. Ол жолдың жүру бөлігінде тұрған, бірақ апаттық шамдары жанбаған, арнайы ескерту белгілері де қойылмаған еді. Жақындаған кезде ғана оның қозғалмай тұрғанын түсіндім. Алайда сол сәтте жағдайға тез әрекет етіп, көлігімді тоқтатуға уақытым жетпеді.

6 маусым күні Ақтөбе- Астрахань тас жолында турист тізгіндеген Mazda CX-5 көлігі жол жиегінде тұрған ВАЗ көлігіне соқтығысқан. Салдарынан көліктегі екі жолаушы аудандық ауруханаға жеткізілді. Сәби қазір политравма бөлімінде.

ДИТЕР ЭДВИН АЛЬБРЕХТ, ГЕРМАНИЯ АЗАМАТЫ:

Мен заң аясында жауап беруге және айыппұлды төлеуге дайынмын. Сонда бұл азамат Қазақстандағы сақтандыру компаниясы арқылы тиісті өтемақысын алады. Бірақ ол менен 18 мың еуро талап етіп отыр. Бұл 10 миллион теңгеден асады. Менде ондай ақша жоқ.

Апаттан кейін туристің өзі де қиын жағдайда қалды. Тергеу аяқталғанша Қазақстаннан кетуге құқығы жоқ. Ал қолындағы қаржы зардап шеккен тарап сұрап отырған өтемақыны төлеуге жетпейді. Айтуынша, алдымен одан 10 миллион теңге талап етілсе, кейін бұл сома 5 миллион теңгеге дейін төмендеген. Бірақ бөтен елде бейтаныс адамдардың жанашырлығы оған үлкен демеу болуда. Қазір неміс саяхатшысы доңғалақтағы үйімен Алғадағы газ шаруашылығы мекемесінің аумағында уақытша тұрақтаған. Жергілікті тұрғындар оған ыстық тамақ әкеліп, қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етіп жатыр.

АСҚАР НҰРҒАЛИЕВ, «QAZAQ GAZ AIMAQ» АҚ АЛҒА АУДАНДЫҚ ГШ ДИРЕКТОРЫ:

Осы жерден тамақ пісіріп дайындап береміз, сосын суға түсетін жері бар. Санузелы бар баратын жері, мына сосын итіне де ыңғайлы, итіне өте көп мән береді. Сондықтан осы жерге ит жүрсе қалай болады?,-деді. Мен айтам: проблема жоқ осы жерде, ешкімді қаппаса, мына жерде ворота жабылады.

Әлемнің 24 елін аралаған саяхатшы үшін бұл- жол үстіндегі алғашқы ауыр сынақ. Ал апаттың нақты себебін анықтау үшін полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Бір сәтте болған жол апаты бірнеше адамның тағдырын тоғыстырды. Бірі жарақат алып ауруханаға түсті, бірі бөтен елде жоспарсыз аялдауға мәжбүр болды. Бірақ бұл оқиға жолдағы қауіпсіздікпен қатар, қиын сәтте қол ұшын соза білетін адамдардың да бар екенін көрсетті.