Шымкент есірткісіз қала. Қалалық әкімдік пен полиция департаменті бірлесіп бүгін осындай атаумен ауқымды акция бастады. Басты мақсат – есірткі жарнамаларын жою. Сонымен қатар жастарды жеңіл ақшаға қызығып, есірткіге елітуден сақтау дейді ұйымдастырушылар. Өкінішке орай, биылғы 5 айда кәмелетке толмаған 9 бала есірткі қылмысы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.
Жалпыхалықтық акцияға ұзын саны 2,5 мыңдай адам қатысуда. Құрамында түрлі саладан құралған еріктілер бірігіп, мегаполисті есірткінің шырмауынан тазалауға атсалыспақ. Бүгінгі шарада жастар да белсенділік танытуда. 500-дей жас арнайы атсалысуда. Барлығы бірігіп, 1 ай көлемінде қаладағы есірткі жарнамаларының көзін жоймақ. Полицейлер мониторинг жасау барысында бүгінгі таңға дейін 500-дей есірткі дүкендерінің сайттарын жойғандарын жеткізді.
АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Бізде кейінгі кезде жасы кәмелетке толмаған жастар есірткі қылмысын жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Себебі осы есірткі жарнамаларының арқасында «жұмыс» ұсынады. Өздеріңізге мәлім, оқу жылы бітті. Қазір үш айлық демалыс. Жастардың барлығы каникулда. Сол себепті алдын алу бойынша жастарды, сақтап қалу мақсатында осы үлкен іс-шараны ұйымдастырып жатырмыз.
Есірткінің түр-түрі бүгінде ғаламтор арқылы жасырын жарнамаланып, астыртын жолдармен сатылып жатыр. Акцияға қатысушылар топ-топқа бөлініп, қаланың бес ауданын аралауға кірісіп кетті. Жасыраныны жоқ, қабырғалар, көпшілік көзінен қалтарыстау жерлерге дейін белгісіз сайттар өз сілтемесін қалдырған. Шара барысында жиылғандар сондай жазуларды біртіндеп өшіруде.
ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұған дейін де есірткі жарнамаларын, граффитилерді өшіру бойынша жастар тарапынан өте үлкен жұмыстар атқарылды. Соның бірі еліміздің бірлігі күнінде қаламыздағы Қалдаяқов көшесінің бойындағы синтетикалық есірткі жарнамасы көп деп танылған Тұран ауданының территориясында синтетикалық есірткі жарнамалары өшіріліп, арнайы безендірілген болатын, бірлікке бағыттайтын суреттер арқылы.
Полицейлер жыл басынан бері атқарылған жұмыстың нәтижесінде есірткіге қатысты екі жүзден астам қылмыс анықталғанын алға тартты. Оның ішінде 40-қа жуығы есірткі сату жәйті. Заңсыз айналымсан 50 келідей есірткі алынса, соның 11 келіден астамы синтетикалық есірткі.