$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада бір айдың ішінде11 бала терезеден құлап, төртеуі мерт болды

Астанада бір айдың ішінде11 бала терезеден құлап, төртеуі мерт болды

Өскеменде бес жасар бала төртінші қабаттан құлап, мерт болды. Қарағандыда бір үйдің қос бірдей бүлдіршіні терезеден ұшып кетіп, аурухана төсегіне таңылды. Елордада да жағдай мәз емес, жазғы демалыс басталғалы бір ай өтпей жатып, 11 бала терезеден құлап үлгерген.  Бұл статистика ғана емес, салғырттықтың салдары. 

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Жыл басынан бері 21 бала терезеден құлап, оның төртеуі бақилық болса да, елордалықтар әлі де сабақ алар емес. Бүгін міне осылай, ТЖД, полиция қызметкерлері үй-үйді аралап, көпбалалы және жас баласы бар отбасыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Мамандар есігін қаққандардың бірі қала тұрғыны Мәнсия Мақаева. Немерелері өзімен бірге тұрмаса да, үйіне жиі қонаққа келеді. Ол терезеге қауіпсіздік құрылғысын орнатуды бұрыннан ойлап жүргенін, бірақ іске көшуді кейінге шегере бергенін айтады.

МӘНСИЯ МАҚАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен бұрын өзім бірінші этажда тұрғанмын. Ол кезде мен мұндай жағдайды ойламайтынмын. Ал бұл 15-этаж болғандықтан әрқашан да қорқатынмын. Жоғарыдан балалар терезеден төмен қараған кезде.Терезе биік болса да, бала деген бір орында отырмайды ғой. Терезеге мініп кететін жағдайлар болады. Сол кезде осындай кедергілер керек деп ойлайтынмын.

Қайғылы ақпараттан саналы түрде қашып, көз жұма қарайтындар да аз емес. Жамандық шақырмаймын деп, мәселенің алдын алуға асықпайтын ата-аналар бар. Жаз басталғалы Астананың өзінде 11 баланың терезеден құлауы, соның айқын дәлелі. Құтқарушылардың мәліметінше, жағдай жылдан-жылға ушығып барады. Өткен жылдың көрсеткіші де жаға ұстатады.

ӘРЛЕН БҮРКІТБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, былтыр жыл бойы 58 бала осылай терезеден құлаған болатын, оның 14-і қайғылы жағдаймен аяқталған болатын.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Құтқарушылар есігін қаққан әрбір екінші пәтерде бала қауіпсіздігі мүлдем ескерілмеген. Тұрғындар әлі күнге дейін қарапайым москит торына сеніп отыр. Бірақ, дәл осы кішкентай бұғаттағыш орнатылмаса, кез келген сәтте қайғылы жағдай орын алуы мүмкін.