Енді бала күтіміне байланысты демалыста болған уақыт әскери қызмет мерзіміне есептелмейді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков хабарлады. Оның айтуынша 24 ай мерзімге әскери қызметке шақырылатын офицерлердің қызмет өткеру тәртібіне қатысты осындай өзгерістер енгізілген. Заң бұған дейінгі қабылданған шешімдерге әсер етпейді. Айта кетейік, қазіргі уақытта 42 офицер бала күтіміне байланысты демалыста жүр.
АСҚАР МҰСТАБЕКОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мысалы офицер 24 айға әскери қызметке шақырылды. Екі ай қызмет атқарып, бала күтіміне байланысты демалысқа шықты делік. Бұрын 24 ай өткен соң ол әскери қызметін толық өтеген болып саналатын. Жаңа заңға сәйкес, демалыс кезеңінде қызмет мерзімінің есебі тоқтатылады.
Ал, декреттегі аналардың заңсыз төлемдеріне қатысты дауға да нүкте қойылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай тергеу декреттік төлемдерді заңсыз алу схемаларын ұйымдастырғандарға қатысты болатынын айтты. Ал декреттегі аналарға жаза қарастырылмаған.