$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ең төменгі жалақы мөлшері өсе ме?

Ең төменгі жалақы мөлшері өсе ме?

Елдегі әрбір қазақстандыққа орта есеппен төрт несиеден келеді екен. Тіпті, соңғы жылдары мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы өсті деген Үкіметтің есебі де халықты несие тұңғиығынан суырып ала алмай отыр. Бас айналдырар баға өсімі мен инфляция тапқанымызды жұтып жатқанда, билік зейнетақы қорындағы шекті деңгейді тағы көтерді. Жалпы, қазақстандықтардың ортақ қарызы неше триллион теңгеге? Үкіметте көтерілген мәселелерді әріптесім тарқатып айтады.

Айлығымыз шайлығымыздан аспай тұр ма, әлде тапқанымызды банктер мен дүкендерге санап беріп отырмыз ба? Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтердік деп есеп бергенімен, халықтың несие тұңғиығына батуы тоқтар емес. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы 3 жылда әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 30 пайызға, педагогтердің айлығы 25 пайызға, ал медицина мамандарының жалақысы 20 пайызға өскен. Реформа жалпы саны 1 миллион 200 мыңнан астам азаматты қамтыды дейді шенеуніктер. Алайда, ең төменгі жалақы мөлшерін алдағы уақытта тағы да өсіру мәселесіне келгенде, билік нақты санды айта алмай, тағы да бюджеттің бүйіріне жалтақтап отыр.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Ең төменгі жалақы мөлшерін көтереміз. Бірақ қаншаға екенін қазір айта алмаймыз. Бәрі бюджеттің мүмкіндіктеріне байланысты. Қазір 2027 жылдың бюджетін қалыптастыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал 2025 жылдың деректер статистикасы биыл 1 тамызда шығады. Онымен 2026 жылдың жарты жылындағы статистиканы қоса есептеп, осы деректер негізінде 2027 жылы бюджетке қанша кіріс түсетіні жөнінде болжам жасаймыз. Соның арқасында ең төменгі жалақы мөлшерін қаншаға арттыруға болатыны анықталады.

Жалақының өскені сезілмейтіні сондай, қазақстандықтардың қарыз жүктемесі бүгінде шектен шығып, рекордтық деңгейге жетті. Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, халықтың қаржы ұйымдарына барлық қарызы 27 триллион теңгені құраған! Бұл сомаға жеке кәсіпкерлердің несиесі мен есептен шығарылған берешектер кірмейді. Бір қызығы, елдегі борышкерлердің саны мен несиенің арақатынасын есептегенде, әрбір қазақстандық мойнына бір емес, бірнеше қарызды іліп алғаны белгілі болды.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы 8,95 миллион борышкердің 39,4 миллион несиесі бар. Сонда орта есеппен әр адамға 4,4 несиеден келеді. 2026-2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспарда халықтың қарыз жүктемесін төмендету және қаржылық белсенділігін арттыру қарастырылған.

Айлық жетпей, несие қысқанда халықтың үміт артар соңғы қорғаны зейнетақы жинағы еді. Бірақ ол үміт те келмеске кеткен сыңайлы. Себебі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры артық қаражатты пайдалану үшін қажетті ең төменгі шекті деңгейді биыл екінші рет күрт өсірді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қадамды халықтың болашақтағы қарттығын ойлау деп ақталды.

ВИКТОРИЯ ШЕГАЙ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Зейнетақы жинағының негізгі мақсаты адамды қартайғанда зейнетақымен қамтамасыз ету. Егер сіз ең төменгі шекті деңгей туралы айтсаңыз, бұл  әркім ұмтылуы керек меже. Қайталап айтамын, басты мақсат азаматтар 63 жасқа келгенде жеткілікті зейнетақы алуы үшін қажетті ең төменгі зейнетақы жинағының сомасын белгілеу.

Бұған дейін шекті деңгей жылына бір рет тек инфляцияға байланысты 10 пайызға ғана өсіп келсе, бұл жолғы секіріске жаңа есептеу әдістемесі себеп болған. Енді мұнда адамның жасы, өмір сүру ұзақтығының болжамы және болашақ инвестициялық табыс сияқты факторлар ескеріледі. Оның үстіне, зейнетақы ақшасын жұмсайтын бағыттар да шектеліп жатыр. Мәселен, өткен жылдың соңында бұл қаражатты көзді емдеуге пайдалануға тыйым салынса, оған дейін бірқатар стоматологиялық қызметтер де тізімнен шығарылған болатын. Нарықтағы бағаның өсуі мен талаптардың қатаңдауы қарапайым халықтың бүгінгі мәселесін шешуге мүмкіндік бермей отыр.