$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астанада туристерге арналған арнайы көлік картасы енгізілді

13.06.2026ж. 14:00
Астанада туристерге арналған арнайы көлік картасы енгізілді
Фото: Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы

Елорда қонақтарына қоғамдық көлікті пайдалану бұрынғыдан да жеңілдей түсті. Астана халықаралық әуежайында қала ішінде қатынауға арналған туристік көлік карталары қолжетімді болды.

Жоба Visit Astana, City Transportation Systems (CTS) және Avtobys электронды жолақы төлеу жүйесін дамытып отырған Innoforce IT-холдингі бірлесіп жүзеге асырды.

Туристік карта қала қонақтарына қосымша мобильді қосымшаларды орнатпай-ақ және цифрлық сервистерге тіркелмей-ақ қоғамдық көлікті (қалалық автобустарды) ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік береді. 

Туристік картаны әуежайдан сатып алып, бірден қала бойынша серуендей беруге болады.

— Туристердің қолайлылығы үшін 5, 10 және 15 сапарға арналған карталар ұсынылады. Бұл әрбір қонаққа қалаға келген уақытына қарай өзіне қолайлы нұсқаны таңдауға мүмкіндік береді. Қызғылт сары карта 5 сапарға есептелген, бағасы — 1 550 теңге. Көгілдір карта 10 сапарға арналған, құны — 2 110 теңге. Ал көк түсті карта 15 сапарға жарамды және 2 650 теңге тұрады, — делінген хабарламада.

Жолақы төлеу елорданың қоғамдық көліктеріне орнатылған заманауи Avtobys төлем планшеттері арқылы орындалады. Жолаушылар үшін төлемнің бірнеше ыңғайлы тәсілі қарастырылған. 

Бұл қоғамдық көлікті пайдалануды қала тұрғындары мен қонақтары үшін жылдам, түсінікті әрі жайлы етеді.

Сонымен қатар туристер Avtobys мобильді қосымшасындағы маршрут құру қызметін пайдалана алады. Бұл сервис қоғамдық көлікпен жүретін бағытты алдын ала жоспарлауға, оңтайлы маршрутты таңдауға, өзге қоғамдық көліктерге ауыс мінуді және көлік қозғалысының ретін көруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ әуежайдың халықаралық рейстер келетін аймағында туристік ақпараттық дүңгіршек жұмыс істейді. Мұнда қала қонақтары Астана туралы, туристік нысандар мен бағыттар жайлы қажетті ақпарат алып, туристік көлік картасын пайдалану тәртібімен таныса алады.