$487.73 €558.99 ₽6.63
×

"Ресей мен Украина соғысты тоқтатуы керек", - Дональд Трамп

"Ресей мен Украина соғысты тоқтатуы керек", - Дональд Трамп

АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы уақытша келісімге келді. АҚШ Президенті Дональд Трамп құжатқа Францияның Версаль сарайында, Эммануэль Макронмен кешкі ас үстінде қол қойды. Бұл уақытта Тегеранда Иран Президенті де келісімді мақұлдаған. Шартараптағы жаңалықтарды әріптесім Назерке Алтынбек шолып шықты.

Иә, бұл келісім бойынша Иран уран қорын азайтады, ал АҚШ санкцияларды алып тастап, Ормуз бұғазын дереу ашуға рұқсат бермек. Екі ел арасындағы бітімге Пәкістан билігі араағайындық еткен. Франциядағы «Үлкен жетілік» саммитінен кейін Дональд Трамп бұл қадамды әлем лидерлері түгел қолдағанын жеткізді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өткен екі күн бізге осы тарихи келісімнің егжей-тегжейін ең жақын достарымызбен, соның ішінде Үлкен жетілік елдерімен талқылауға мүмкіндік берді. Олардың бәрі біздің келісімге келгенімізге өте қуанышты.  Барлығы бұл соғыстың аяқталғанын қалайды.

Ақ үй басшысы бұл ретте Қытай мен Ресей президенттеріне де бейтараптық сақтағаны үшін алғыс айтты. Трамптың сөзінше, Си Цзиньпин оның өтінішін аяқсыз қалдырмай, Иранға әуе қорғанысы қаруларын жеткізуді тоқтатқан. Осы мәселені шешкен Трамп енді назарын Украинаға аударды. Саммит аясында ол Владимир Зеленскиймен де өзара тілдесті. Келіссөздерден кейін АҚШ Президенті Мәскеу соғысты тез арада тоқтатуы керек деп мәлімдеді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ресей мен Украина келісімге келуі керек. Екі ел де көп адамынан айырылды. Өткен айда екі тарапты қосқанда 35 000 сарбаз қаза тапты. Олар ай сайын орта есеппен 25 000 адамынан айырылып жатыр, олардың көбі жап-жас, бейкүнә, тамаша жастар. Бірақ, біз кездесу өткіздік, алда не боларын әлі көреміз.

Зеленскийді бұл жиынға Франция Президенті арнайы шақырған. Эммануэль Макрон АҚШ-тың Украинаға қолдауын тоқтатпауын көздейді. Украина президенті де кездесу нәтижесіне көңілі толатынын айтты.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз ұрыс даласындағы жағдай туралы, Ресеймен ықтимал келіссөздер мүмкіндігі туралы сөйлестік. Орта қашықтықтағы және алыс қашықтықтағы зымыран соққылары, Ресейдің шығындары, экономика және тағы басқа мәселелерді талқыладық.

Бес жылға созылған Украинадағы соғысты тоқтату мәселесі әлі де күн тәртібінде.