$487.73 €558.99 ₽6.63
×

Еліміз туризм саласы бойынша әлемдік рейтингте 28 сатыға жоғарылады

AstanaTV
18.06.2026ж. 19:00
Еліміз туризм саласы бойынша әлемдік рейтингте 28 сатыға жоғарылады

Еліміз туризм саласы бойынша әлемдік рейтингте 28 сатыға жоғарылады. Мәселен, биыл қаңтар–наурыз айларында елдегі орналастыру орындары шамамен 2 млн адамға қызмет көрсеткен. Ал одан түскен табыс көлемі 69 млрд теңгеден асқан. Елге сапарлап келетіндерді не қызықтырады? Отандастарымыз Қазақстанның өңіріне көп саяхаттайды? Тілші анықтап көрді.

Әлемнің көптеген елдері туризмді негізгі табыс әкелетін сала ретінде қарастыратыны рас. Бүгінде бұл көшке Қазақстан да қосылған. Жыл сайын салынған қонақүйлер, отельдер, демалыс аймақтары және басқа да орналастыру орындарының саны артып келеді. Қазір елде 4,5 мыңнан астам орналастыру орны жұмыс істесе, онда 31 мың қызметкер еңбек етеді. Ал жалпы салада 600 мыңнан астам маман бар. Бұл саладағы серпілістердің бірі ғана.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазір Көлсайдың қасында Саты дейтін ауыл бар.  Бүкіл жердің бәрі қонақ үйге айналған. Ең қымбат қонақүйден бастап, ең арзан тіпті мына жерге келіп, палаткаңды құрып, арендаңды төле дейтін дәрежеге дейінгі таңдау бар.

Инфрақұрылымның дамуы елге келетін саяхатшылардың санына тікелей әсер етеді. Мәселен, министрдің айтуынша, шетелдік туристер Қазақстанда 2,9 млрд АҚШ долларын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Сондай-ақ туристік қызметтен түскен салық көлемі 18%-ға өсіп, 630 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде туризмнің жалпы салық түсімдеріндегі үлесі 2%-ға дейін артты. Қазақ даласына қонақ болу үшін жолдың жақсы болғаны дұрыс. Ал туристің алғашқы транспорты әуежайдан басталады.

АЙДЫН БОРАНБАЙҰЛЫ, ҚР СТМ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы бізде 30 елге рейстер бар. Оның ішінде Сауд Арабиясы, Йемен, Оман, Кувейт, Корея, Иран, Қытай… елдеріне бар. Және де енді біз Токиоға жапон еліне ашуды қарастырып отыр.

Бүгінде Қазақстанда 84 елдің азаматтары үшін визасыз режим қолданылады, ал электрондық виза жүйесі әлемнің 102 елінің азаматтарына қолжетімді. Сонымен бірге, 135 халықаралық бағыт бойынша аптасына 626 рейс орындалады.

Туризмдегі тың тетіктердің жолға қойылып, оң өзгеріс байқалғанын халықаралық ұйымдардың рейтингтерінен аңғаруға болады. Туристік ағын, инвестициялар мен кірістер ел экономикасының жетекші саласына айналып жатқанын көрсетеді.