$487.73 €558.99 ₽6.63
×

Алматыда дәрігерлер тоғызыншы қабаттан құлаған қыздың өмірін сақтап қалды

AstanaTV
18.06.2026ж. 19:00
Алматыда дәрігерлер тоғызыншы қабаттан құлаған қыздың өмірін сақтап қалды

Алматыда дәрігерлер 9 қабаттан құлаған 17 жастағы қызды аман алып қалды. Оның өмірі үшін медицина мамандары 2 айға жуық күрескен. Ауыр жағдайда түскен науқасқа шұғыл түрде көмек көрсетіліп, жалпы саны 7 күрделі операция жасалған. Ақ халаттылармен тілшіміз Айгерім Есенкелді тілдесіп қайтты.

Науқастың өмірі қыл үстінде тұрды. Дәрігерледің айтуынша, 9 жерден сынық анықталып, 3 кезеңнен тұратын 7 күрделі операция жасалған. Одан кейін 12 күн жансақтау бөлімінде жатыпты. Дәрігерлердің тәулік бойғы жұмысының арқасында оның жағдайын тұрақтандырып, өмірін сақтап қалды.

ДӘУЛЕТ ШҮКІМАНОВ, ОРТАЛЫҚ ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКА ТРАВМАТОЛОГЫ:

Ол жерде политравма системасы бойынша ауыр жағдайда түсті. 14-15 тәулікте беті бері қарады. Операциядан кейін науқасты жалпы бұл жерде 1 адамның немесе 1 дәрігердің қызметі емес, бұл жерде жалпы аурухананың қызметімен жағдайын күні-түні бақылап отырып жалпы жағдайы жақсарғаннан кейін өзінің қалауы бойынша амбулаторлы емге жіберілді.

Дәрігер әртүрлі жағдайда күніне 5-6 операция қатар жасайтын кезіміз де болады дейді. Бүгінге дейін жеке тәжірибесінде 3000-нан астам ота жасап үлгерген. Ал ұзақ қажырлы еңбектің марапаты науқастың сауығуы дейді.

ДӘУЛЕТ КҮЛСЕЙІТОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:

Жол апатына ұшырап, осындай жағдаймен осында түскен жағдайым бар еді. Дәрігерлердің өздерінің білетұғын, оқыған ісімен өте жақсы қабылдап, өте тез жанағы шешім қабылдап, сонымен операциядан кейін, міне, ертеңге уже шығатын болдым. Көп рақмет.

НИНА САННИКОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Кеше ота жасалды, жақсы өтті. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Не сұрасаң да, не өтінсең де көмектеседі. Мені емдеп жатқан барлық медицина қызметкерлеріне өте ризамын.

Жалпы аурухананың жансақтау бөліміне тәулігіне  5-6 науқас ауыр жағдайда түседі екен. Оларға бірден ем тағайындалып, дәрігерлер өмір үшін күресті бастайды. Науқастарға дер кезінде қол ұшын созып, ем-дом көрсетуде ақ халаттылардың еңбегі зор.