$488.37 €559.77 ₽6.64
×

Әке тәрбиесі – ғасырға азық

AstanaTV
19.06.2026ж. 19:00
Әке тәрбиесі – ғасырға азық

Қазақта әке көрген оқ жонар деген сөз бар. Бүгінде бұл нақылдың өміршеңдігін дәлелдеп жүрген жандар аз емес. Кейіпкеріміз күндіз кәсіпкер болса, кешке спорт залында жаттықтырушыға айналады. Оның бұл жолын балалары да жалғап келеді. Бірі ұлттық құрама сапында ел намысын қорғаса, екіншісі спортта өз бағытын таңдаған. Әкелер күні қарсаңында өнегелі отбасының өміріне үңілдік.

Айдын мырза бірнеше жылдан бері кәсіп пен спортты қатар алып жүрген жан. Күндіз жұмыста болса, кешке жаттығу залына барып, балаларды кикбоксингке дайындайды. Бүгінде оның 30-ға жуық шәкірті бар. Балалардың бойына тәртіп пен жауапкершілікті сіңіріп жүрген ұстаз, бұл қағиданы өз отбасында да берік ұстанады.

АЙДЫН ЕРБЕКЕЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үйде отырған балалар міндетті түрде ұл баланың ортасында өзінің орнын тауып, бәсекеге түсу қабілеті артады. Бұл жерде пьедесталда тұрып чемпион болу емес, жалпы өмірде чемпион болып қалыптасу. Кейбір ата-аналар соны байқамай жатады. Ол жаңағы спортзалға барып, ысылуы, ол спортзалға барып терлеуі, ол жалпы таңмен тұрып, ұл балалар бірігіп тұрып жүгіруі, ол жерде мінез қалыптастыруы үлкен бір төзімділікті бір үлкен мектеп алуда. Өмірлік мектеп.

Әкенің бұл ұстанымы балаларының жетістігінен анық көрінеді. Қызы Аянат 12 жылдан бері көркем гимнастикамен айналысып келеді. Қазір жасөспірімдер арасындағы ұлттық құрама сапында. Сонымен қатар Азия чемпионатының жеңімпазы атанып, спорт шебері атағын алған.

АЯНАТ ЕРБЕКЕЙ, КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН СПОРТ ШЕБЕРІ:

Менің әкеммен қарым қатынасым өте жақсы. Жарыстарда маған қолдау көрсетеді. Уайымдама бәрі жақсы болады деп, сенім береді. Мектептегі іс шараларыма қатысады. Бос уақытымызда әзілдесеміз, сөйлесеміз. Мен әкемді жақсы көремін. Оны мақтан тұтамын.

Отбасының ұлы да спорттан алыс емес. Ол футбол мен боксты қатар алып жүр. Әкесінің қолдауы оның спортқа деген қызығушылығын арттырған. Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі дегендей баласы да 80-нен аса жас былғары қолғап шеберін жаттықтырып жүр.

ЕРБОЛ ЕРБЕКЕЙ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

Бала кезімнен 3 жасымнан бастап, үйімізде әкеміз өзі ақырындап дайындаған.  Сол кішкене физикалық тұрғыдан бастап, ары қарай енді бокс үйірмесінің соққыларын, қорғаныс тәсілдерін үйретіп, ары қарай 5 жасымнан бастап бокс үйірмесіне берді. Ары қарай бокс пен футбол араласып кетті.

Бүгінде спортты тек хобби емес, өмір салтына айналдырған шаңырақтың ұл қыздары білімнен де кенде емес. Ұлы ұлт саулығын сақтайтын дәрігер атануға дайындалып жүрсе, қызы оқуда озат екен.

АЙДЫН ЕРБЕКЕЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазақтың жақсы бір мақалы бар ғой. Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады. Енді ол сабақта үлгерімді қолымыздан келгенше алға жүруді ойлаймыз. Мектепте үлкен іс шаралар болып жатады. Соған мені әкелік қамқоршы ретінде шақырады. Қызымның ұлымның ұстаздарымен кездесіп, үлгерім жайлы сұрап, жеке бір мұғалімдерді шақырып, деңгейін көтеруге тырысамыз.

Әке тәрбиесі мен қолдауының нәтижесі отбасының өмірінен анық байқалады. Балаларының жетістігіне қуанып, шәкірттерінің жеңісіне дем беріп жүрген жан үшін бұл – ең үлкен марапат.