Алматы тауларында құтқарушылар екі жас жігітке көмекке келіп, оларды 4000 метрден астам биіктіктен аман-есен түсірді.
Сәтбаев шыңында төтенше жағдай болғаны туралы хабарлама түскен. 2008 жылы туған екі жасөспірім тауға шығу кезінде бағыттан жаңылып, кері қайтар жолда төменге өздігінен түсе алмай қалған. Олардың орналасқан жерін анықтау мақсатында телефон арқылы байланыс орнатылып, геолокациясы нақтыланды. Осыдан кейін Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметі мен «БАУ» құтқару жасағының мамандары жедел түрде іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Тау рельефінің күрделілігіне және түнде көру мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан, құтқару операциясы сәтті аяқталды.
Бүгін, 21 маусымда құтқарушылар жасөспірімдерді тау етегіндегі экобекетке дейін жеткізді. Ол жерде оларды туыстары мен ата-аналары күтіп алды. Құтқарылған жасөспірімдердің денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, оларға медициналық көмек қажет болмады.