Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Оралда жүк көліктерінің жүргізушілері газ бағасының қымбаттауына наразы

AstanaTV
26.02.2018ж. 20:00
2590
Оралда жүк көліктерінің жүргізушілері газ бағасының қымбаттауына наразы

Оралда жүк көліктерінің жүргізушілері газ бағасының үздіксіз қымбаттап жатқанына наразы. Олар сұйылтылған отын құны шарықтаған сайын шаш-етектен шығынға батып отырмыз,- дейді. Бүгін арнайы жиналып, жанайқайын жеткізген көлік иелері, газ бағасын арзандатуды сұрап, жергілікті әкімдікке хат жолдады.

Еркін Карин, тілші:

Қаңтар айында сұйылтылған газдың литрі Оралда 75 теңгеден сатылса, ақпанда 85 теңгеге жетті. Бірер жыл бұрын ғана отынның бұл түрі 39 теңге болатын. Осыны алға тартқан көлік иелері қазіргі бағадан зиян шегіп отырмыз дейді.

Наразылық білдіруге жиылған жүргізушілердің сөзінше, әрбір рейстің кірісінен шығыны көп. Бірақ, халыққа қолайлы болсын деп, қызмет құнын көтермеген.

Нұрболат Баймұқанов, жүк көлігінің жүргізушісі:

Батыс Қазақстанның төрт облысында газ бағасы 55-57 теңгеден аспайды газ бағасы. Ал бізде 83-85 теңгеден газ. Рейс сайын әрбір машина 15-20 мыңға шығын жасап келеді.

Нұрбол Ерғалиев, жүк көлігінің жүргізушісі:

Бір «Нефтэк» 80 тг қояды, қалғандарында 75 тг болса, бір жұмадан кейін олар да 80 қылып қояды. Көз үйретеді ме, әлде әдейі істей ме? Үндемесек, бара-бара жүзге де апарып қоятын шығар.

Жүргізушілер өңір басшысы мен Энергетика министрлігі газ бағасын түсіру бойынша қандай да бір шара жасаса дейді. Осы талабын қағазға түсіріп, жергілікті әкімдікке тапсырды. Ал облыстық Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының өкілдері, газ қымбат, есесіне жеткілікті деп, жайбарақат отыр.

Бейімбет Мусин, БҚО Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Газдың бағасы өсуі жеткізуші компанияның сұйылтылған газдың көтерме бағасын көтеруіне негіздеп отыр. Тасымалдаушылар шағым түсіргені бойынша... бұл сұрақ қарастырылуда. Енді Энергетика министрлігімен наурыз айына 2700 тонна сұйылтылған газ бөлінді.

Еркін Карин, тілші:

Облыста 9 200 көлік  газбен жүреді. Бір айдың ішінде 500 көлікке газ қондырғысы орнатылған. Мамандар мұны газ бағасының бензиннен екі есе арзан екенімен байланыстырады. Жазға қарай олардың қатары көбеюі мүмкін.

Еркін КАРИН