$487.01 €557.87 ₽6.59
×

"Бір белдеу, бір жол" бастамасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айқын көрсетті - Бектенов

23.06.2026ж. 11:23
"Бір белдеу, бір жол" бастамасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айқын көрсетті - Бектенов
Фото: Үкімет

Далянь қаласында Премьер-министр «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арналған сессияға қатысты. Отырыста сөз сөйлеген Олжас Бектенов Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан шамамен 1,7 млрд тұтынушысы бар нарыққа қолжетімділікті қамтамасыз ететінін атап өтті. Соңғы 7 жылда көлік-транзит инфрақұрылымын дамытуға $35 млрд-тан астам қаржы жұмсалды, Ақтаудағы контейнерлік хаб, Сиань құрғақ порты, «Достық – Мойынты» теміржолының екінші жолдары секілді ірі жобалар жүзеге асырылды.

«Бір белдеу – бір жол» бастамасын одан әрі дамытудың бес басым бағытына назар аударылды. Олар: инфрақұрылымдық өзара байланысты нығайту, цифрлық орта дәлізді қалыптастыру, «жасыл» күн тәртібін ілгерілету, сондай-ақ сауданы, инвестицияларды және қаржы тетіктерін кеңейту.

"Бір белдеу, бір жол" бастамасы өзара байланыстардың кеңеюі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айқын көрсетті. Бүгінде Қазақстан мен Қытай осының жарқын мысалы болып отыр. Жібек жолы әрдайым ашықтық, сенім және күш-жігер біріктіруге дайын болудың арқасында өркендеп келеді. Қазақстан осы қағидаттарға берік. Біз өзімізді Қытайдың сенімді серіктесі әрі өңірлерді байланыстыратын маңызды көпір ретінде көреміз. Сонымен қатар осы көзқарасты бөлісетін барлық серіктеспен өзара тиімді әрі ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ашықпыз. Түптеп келгенде, өзара байланыс инфрақұрылым ғана емес, бұл – адамдардың әл-ауқаты мен ортақ прогресс»,— деп атап өтті Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Сессия жұмысына сондай-ақ бірқатар елдің үкімет басшылары, сараптамалық және ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты. «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан әрі ілгерілету перспективалары, оның қатысушы елдердің экономикалық дамуына әсері, сауда бағыттары мен жеткізу тізбектерін қайта құру, цифрлық инфрақұрылым мәселелері және бастаманың 2040 жылға дейінгі келешегі талқыланды.