$487.02 €552.23 ₽6.51
×

Әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтар қайтыс болды

Әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтар қайтыс болды

Үш жыл бұрын әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Аса ауыр бас-ми жарақатынан вегетативті күйге түскен өрімдей жас жігіттің өмірін сақтау үшін дәрігерлер барынша күресті. Отбасы мүшелері халық көмегімен шетелдерге де емдеткен. Бірақ жас жігттің ақтық демі Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина орталығында үзілді.

2023 жылы Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеп жүріп, бастан қатты соққы алған жас жігіттің аяққа тұруын халық күтті. Ербаян Мұхтардың отбасына қаржылай жылу жинап, Түркияда ем алуына қалың ел жәрдемдесті. Беті бері қарады деп ата-анасы да қуанған. Науқасты бүгін тағы Стамбулға санавиясымен жеткізу жоспарланған. Туыстары сапарға бір күн қалғанда Ербаянның  жан тапсырғанына күмәнмен қарайды.

САМАТ МҰСТАФИН, ЕРБАЯН МҰХТАРДЫҢ АҒАСЫ:

Олар аппаратты сөндіріп тастады ғой. Ол аппаратпен жатты ғой өмір сүріп. Аппаратты сөндіріп тастаса, адам қайтыс болып кетеді дұрыс па?! Өшіргенде ата-анасына хабарлама бермеді. Міне біз сөндірейін деп жатырмыз сендер келіңдер деп. Олардікі заңсыз. 

Ал дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасадық, - дейді. Соңғы айда науқастың жағдайы күрт нашарлап, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген. Мұнда науқас ең ілгері медициналық жабдықтары бар палатада ем қабылдаған.  Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіп, ерекше күтім жасадық дейді. 

ЕРЖАН ӘДІЛБЕКОВ, ҰЛТТЫҚ ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАНЫ ҮЙЛЕСТІРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды. 

Ербаянның отбасы ұлының мәйітіне сот сараптамасын жасауға қарсылық танытқан. Олардың соңғы тілегі -  онсызда жаны қиналған баланың денесіне пышақ тигізбей жерлеу.  Қайғыдан қан жұтқан ата-ана ұлын үйден ақтық сапарға шығарып салу үшін де прокуратурадан рұқсат қағаз алуға мәжбүр болды. Таң атпай мәйітхана мен құзырлы органдардың табалдырығын тоздырды.  

ХАМИТ АЙТМАҒАМБЕТОВ, ЕРБАЯН МҰХТАРДЫҢ ӘКЕСІ:

Больница уже шығарып тастады, далада жатпайды ғой бала оны моргқа апару керек заң жүзінде. Сол моргтан алып кетесіз, смертельный справкасы бар тағы басқа қағаздары бар сол осы жерден аласыздар деді. Біз істің бәрінен сөздің шыны керек, бас тартып отырмыз. Неге десеңіздер, ешқандай шындық ашылмайды бәрі бір. Міне 2,5 жыл болды. Іс ашылса, баяғыдан ашылмай ма? Бір адамды не кінәлаған да жоқ. Жабамыз. Істің бізге ешқандай қажеті жоқ.

Ербаян Мұхтардың еміне қазақстандықтар 224 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері де отбасына қолдау көрсетіп, сарбаздың оңалуы үшін қаржылай қолдау көрсеткен.