Трамп Иран ядролық қару жасамайтынына кепілдік береді. Оны жасауға қауқары да жоқ, - дейді АҚШ Президенті. Ал, Мемлекеттік хатшы одан да асып түсті. Иран өзі әрекет етсе, Таяу Шығыстағы ең озық экономика бола алады, - дейді Марко Рубио. АҚШ Сенаты болса, қайтадан Трамптың қол-аяғын байлап әлек. Конгресстің жоғарғы палатасы Иранға қарсы соғысты қайтадан бастауға тыйым салатын резолюция қабылдады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп өтпелі сайлаудың алдындағы науқанды өзі бастап берді. Штаттарды аралап, осы жолы Пенсильвания жұртымен кездесті. Бірақ, бар сөзі Иран туралы. Ол ел енді ядролық қару жасамайтынына кепілдік беремін. Таяу арада МАГАТЭ сарапшылары барады, - дейді АҚШ Президенті.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Иран енді ешқашан ядролық қару жасамайды. Оның ықтималдығын 99 пайызға бағалаймын. Олар, ел ретінде қалыптарына келу үшін 20 жылдан астам уақыт керек. Теңіз флоты жоқ, ұшақтары жоқ, әуе қорғанысы кешені де таусылды. Менің көмегімсіз олар адам болмайды.
Марко Рубио Трамптан да асып түсті. АҚШ Мемлекеттік хатшысы енді Иран бейбіт жоспарға толықтай көніп, Трамптың айтқанын істесе, адам танымастай дамып кетуіне толық мүмкіндік бар, - дейді. Бірақ, АҚШ бірде-бір тиын инвестиция салмайтынын да қайталады. Бірақ, өзге елдер үшін мүмкіндік жасалып, санкциялар алынып тасталады.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Біз бірінші кезекте халықаралық құқықты қалпына келтірдік. Халықаралық су айдынында кез-келген ел емін-еркін жүзіп, жүк тасымалдай алады. Біз ең алдымен осыған жағдай жасадық. Бірақ, Иранның да уәжін тыңдадық. Егер, ешкімге кедергі келтірмей, қауіп төндірмей, өз-өздерімен тыныш өмір сүретін болса, экономикаларын қарыштатып дамып, Таяу Шығыста барлығын басып озуға жол аштық.
АҚШ Конгрессі де Трамптың аяғын шалды. Сенат, енді Трамп біржақты Иранға қарсы соғыс жүргізе алмайды деген шешім қабылдады. Тіпті, АҚШ Президентінің одақтастары, яғни, республикалық партия мүшелері де қос қолдап, осы заң жобасына оң дауысын берген.
ЧАК ШУМЕР, АҚШ КОНГРЕСІ СЕНАТЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Трамп өзі ұрандатып, ешкіммен бір ауыз кеңеспей соғыс ашты. Оның арты не болғанын мен айтып түсіндірейін. АҚШ қару-жарағы мен оқ-дәрісінің жартысы жоқ болды. 13 сарбаз көз жұмды. Елдің ішінде, қарапайым азық-түлік бағасы өсті. Есі дұрыс адам бұндай әрекетке бармас еді.
Аптап ыстық еуропада ондаған адамның өмірін жалмады. Францияда 18 адам көз жұмды, оның екеуі -нәресте. Негізгі соққы Ұлыбританияға тиді. Ауа температурасы 40 градустан асып, санаулы күнде 20 астам адам қайтыс болды. Германия жағдайы да мәз емес. Бұл елде 5 адам о дүниелік болған.