$487.02 €552.23 ₽6.51
×

Қазақстанның гуманитарлық миссиясы: отандық дәрігерлер Ауғанстанда пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде

25.06.2026ж. 16:39
Қазақстанның гуманитарлық миссиясы: отандық дәрігерлер Ауғанстанда пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде
фото: ҚР ДСМ

Қазақстандық дәрігерлер тобы Ауғанстанда жұмысын жалғастырып, халыққа практикалық медициналық көмек көрсетуде және жергілікті мамандармен өз тәжірибесін бөлісуде. Көпбейінді медициналық миссияның құрамына еліміздің травматология, ортопедия, кардиология, педиатрия, хирургия, урология, пульмонология және эпидемиология салаларындағы жетекші мамандары кірді.

Медициналық топтың жетекшісі болып академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы директорының орынбасары Серік Балғазаров тағайындалды. Сонымен қатар миссияның құрамында травматолог-ортопед дәрігерлер Руслан Әбілов, Алексей Долгов және Нұрлан Авғанов, гигиенист-эпидемиолог дәрігер Ғазиз Надуев, кардиолог Ерік Отарбаев, педиатр-пульмонолог Абылай Арыстанәлиев, балалар хирургі-эндоскопист Нышанбек Шиланбаев, уролог Рустам Сәлімов және хирург Серік Нұртазин қызмет атқаруда.

Қазақстандық мамандардың жұмысы Ауғанстандағы медициналық мекемелердің бірінің базасында ұйымдастырылған. Халыққа консультациялық көмек көрсетумен қатар дәрігерлер ауған әріптестерімен бірлескен тексерулер жүргізіп, консилиумдарға қатысады, күрделі клиникалық жағдайларды талқылап, пациенттерді одан әрі емдеу тактикасын айқындайды.

Тірек-қимыл аппаратының ауыр жарақат салдарлары мен туа біткен деформациялары бар пациенттерге ерекше назар аударылуда. Травматолог-ортопед дәрігерлер күн сайын 40-қа дейін пациентке консультация өткізіп, олардың арасынан хирургиялық емдеуді қажет ететін ең күрделі жағдайларды іріктейді. Қазақстандық мамандар күн сайын үш-төрт реконструктивтік-қалпына келтіру операциясын жасап, пациенттердің жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруге және өмір сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік беруде.

Ауғанстандағы Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде отандық травматолог-ортопедтер ауған тарабына Илизаров аппаратының жиынтықтарын табыстады. Бұл – күрделі сынықтарды емдеуде, аяқ-қол деформацияларын түзетуде және сүйек кемістіктерін алмастыруда кеңінен қолданылатын бірегей жүйе. Аталған жабдықты беру жергілікті мамандардың жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, денсаулық сақтау саласындағы халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға Қазақстанның қосымша үлесі болмақ.

Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстан халқына алғаш рет көмек көрсетіп отырмағанвн айта кету керек. Өткен жылдың қараша айында болған жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстаннан медициналық топ жіберілген болатын. Сол кезде отандық мамандар он күннің ішінде 44 операция жасап, 100-ден астам пациентке медициналық көмек көрсетті.