«Астана» телеарнасының шығармашылық ұжымы отандық телеарна саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.
Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсынымын қарап Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығы табысталды.
Арна ұжымының отандық телевизияны өркендетуге сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді. Бұл мәртебелі марапат телеарнаның сапалы медиаконтент жасау, елдегі маңызды оқиғаларды шынайы көрсету және қазақстандық телеарна кеңістігін дамыту ісіндегі орнын айқындай түседі.
«Астана» телеарнасы үшін бұл марапат - шығармашылық топтың көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға. Журналистердің, редакторлардың, операторлардың, режиссерлердің, продюсерлердің және арнаның барлық қызметкерлерінің күнделікті қажырлы еңбегі көрермендерге дер кезінде өзекті, шынайы әрі мазмұнды ақпарат жеткізуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы журналистика саласында қай кезде де ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, парасатты, нағыз отаншыл тұлғалар қызмет еткенін атап өтті.
— Олар халықтың сана-сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге зор үлес қосты, ағартушылықпен айналысып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Сіздер де аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде айтты.
Оның айтуынша, мемлекет медиа саласы қызметкерлерін әрдайым қолдайды, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді.
— Баршаңызға мәлім, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады, — деді Президент.
Жалпы биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі.