$485.4 €550.69 ₽6.41
×

Қазақстанда Орталық Азияның мәдени мұрасын біріктіруге арналған цифрлық платформаны құру жұмыстары басталды

25.06.2026ж. 23:00
Қазақстанда Орталық Азияның мәдени мұрасын біріктіруге арналған цифрлық платформаны құру жұмыстары басталды
фото: ОКҚ

Былтыр Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени мұраны сақтау мен кеңінен танытуға бағытталған бірқатар бастама көтерген болатын. Солардың бірі – Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасын біріктіруге арналған бірыңғай цифрлық платформаны құру, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Аталмыш жобаны іске асыру мақсатында «Қазқайтажаңарту» мекемесінің кеңсесінде платформаға құжаттарды жүктеу жұмыстары басталды. Еліміздің мамандары үшін Лондон университеттік колледжінің (UCL) өкілдері шеберлік сабағын өткізіп, материалдарды цифрландыру, жүйеге жүктеу, сақтау және жүйелеу тәртібін түсіндірді.

Цифрлық платформаның орталық серверлік торабы «Қазқайтажаңарту» РМК базасында жұмыс істейтін болады. Платформа арқылы Орталық Азия елдерінің жәдігерлері, құжаттары, фотосуреттері мен ғылыми зерттеулері бір ортақ цифрлық қорда жинақталады. Материалдарды ғалымдар ғана емес, көпшілік те еркін пайдалана алады.

«Орталық Азияның археологиялық ландшафттары» жобасы «Қазқайтажаңарту» РМК мен Лондон университеттік колледжі (UCL) арасында жасалған келісім аясында жүзеге асырылып келеді. Жобаға Arcadia қайырымдылық қоры қолдау көрсетіп отыр.