$485.4 €550.69 ₽6.41
×

Сақтандыру компаниясы қарыз алушының несиесін өтей ме?

AstanaTV
25.06.2026ж. 19:00
Сақтандыру компаниясы қарыз алушының несиесін өтей ме?

Несие рәсімдеген кезде банк қарыз алушының өмірін сақтандыру қызметін ұсынып жатады. Бұл ауыр сырқат, еңбекке қабілеттіліктен айырылу немесе борышкер қайтыс болса, несие бойынша міндеттемелерді өтеуге көмектеседі. Ал бұл қалай жүзеге асады? Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Несие алған азаматты күтпеген жағдайлар алаңдататыны рас. Денсаулықтың нашарлауы, жазатайым оқиға немесе өмірден озу сияқты жағдайлар отбасының қаржылық тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Осындай тәуекелдерді азайту мақсатында банктер қарыз алушыларға өмір мен еңбекке қабілеттілікті сақтандыру қызметін ұсынады.

ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ:

Адам қайтыс болған немесе еңбекке қабілеттілігінен толық айырылған жағдайда сақтандыру компаниясы банкке кредит бойынша қалдықты төлейді. Сонымен бірге уақытша еңбекке жарамсыз болған жағдайда (мысалы, ауруына байланысты) сақтандыру компаниясы қалпына келу кезеңінде кредит бойынша ай сайынғы төлемдерді жаба алады. Қарыз алушы үшін басты артықшылық – жақындарының қаржылық қауіпсіздігі. Сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемі отбасының меншігіндегі баспананы сақтауға және қосымша борыш жүктемесін болдырмауға мүмкіндік береді.

Қарыз алушы жазатайым оқиға немесе ауру салдарынан қайтыс болса, I ,II топтағы мүгедектікті тағайындауды не мүгедектік тобын бере отырып, еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда сақтандыру арқылы берешекті өтеуге болады.  Бірақ бірқатар азаматтар несие міндеттемелерінен банкроттық арқылы құтылуға болады деп ойлайды. Алайда мамандар өмірді сақтандыру мен жеке тұлғаның банкроттығы екі бөлек тетік екенін айтады. Банкроттық қарыз алушының көзі тірісінде және заңда белгіленген тәртіппен ғана қолданылады.

НАЗЕРКЕ МЫРЗАҒАЛИҚЫЗЫ, ЗАҢГЕР:

Қазіргі таңда бізде банкроттықтың 3 түрі қолданылады. Соттан тыс және сотттағы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соттан тыс банкроттық ол 1600 аек дейінгі қарызы бар азаматтарға қолданылады. Және де мүлкі жоқ депозит инвестиция жоқ болса.

Сақтандыру болмаған жағдайда несие міндеттемелері жойылмайды. Егер қарыз уақытында өтелмесе, банк берешекті өндіріп алу жұмыстарын бастайды. Кей жағдайларда бұл іс коллекторлық агенттіктерге берілуі мүмкін.

ЖАНСАЯ ҚАЙЫМ, ҚАРЖЫ МАМАНЫ:

90 күннен асқан болса, уже коллекторлар звондап, жұмыстарына кірісе бастайды. ал коллекторлардың заңсыз әрекеттері  - борышкерлерге қоқан-лоққы көрсету, түнгі уақытта мазалау және үшінші тұлғаны звондап,  мазаларын алу, жалған ақпарат беру және заңсыз құжаттарды талап ету болып табылады.

Сақтандыру – несие алу кезіндегі қосымша шығын емес, күтпеген жағдайларға қарсы қаржылық қорғаныс құралы. Өйткені ауыр сырқат, еңбекке қабілеттіліктен айырылу немесе қайтыс болу жағдайында қарыз міндеттемелері отбасы мүшелеріне ауыртпалық түсіруі мүмкін.