$486.47 €554.77 ₽6.26
×

Астанада дрон көмегімен заңсыз топырақ өндіру дерегі анықталды

Астанада дрон көмегімен заңсыз топырақ өндіру дерегі анықталды
Polisia.kz

Елордада топырақты заңсыз өндіру мен тасымалдаудың, сондай-ақ абаттандыру қағидалары мен табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзу фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Полиция қызметкерлері дрон арқылы жүргізілген әуе мониторингі барысында Төле би көшесінің бойында топырақты заңсыз қазып, тасымалдау дерегін анықтады. Бақылау кезінде мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде тану жүйесінің көмегімен заңсыз жұмыстарға тартылған үш жүк көлігі мен бір экскаватор-тиегіш анықталды.

Аталған дерек бойынша тиісті материалдар жинақталып, заңнамаға сәйкес шара қабылдау үшін Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына жолданды.

Астана қаласының полиция департаменті топырақты заңсыз өндіру мен тасымалдау қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріп, қолданыстағы экологиялық заңнаманы бұзу болып саналатынын еске салады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін заңда көзделген жауапкершілік қарастырылған.

Полиция азаматтарды экологиялық құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға және осындай заңсыз әрекеттерге куә болған жағдайда "102" арнасына дереу хабарлауға шақырады.