Айбын халықаралық әскери патриоттық жиыны өз мәресіне жетті. 12 жыл өтіп жатқан жарысқа биыл әскери-спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша кезеңдер енді. 50-ден астам команда, 1000-ға жуық жас сарбаз бас қосқан дода жайлы тілші тарқатады.
Сап түзеген сарбаздар. Қолдарына ту ұстап, ел намысын арқалаған жастар. «Айбын-2026» әскери-патриоттық жиыны тағы бір мәрте жас буынның рухын көтеріп, олардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті нығайтты. Бір аптаға созылған додада робототехника мен жасанды интеллект бағытындағы байқаулар да болды. Биыл жарыс бағдарламасына алғаш рет жүзу сайысы енгізілген еді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Байрақты бәсекеде еліміздің ең мықты, ең жігерлі жас сарбаздары лайықты өнер көрсетті. Сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген достас, бауырлас мемлекеттердің жастары бақ сынады. Бүгін мен бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Дүбірлі дода еліміз үшін шын мәнінде аса маңызды кезеңде өтіп жатыр. Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл – мемлекетіміздің келешегін айқындайтын, ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға.
Бүгінде әскери оқу орындарының үздік түлектеріне «аға лейтенант» атағы беріледі. Заңға сәйкес, қатарының алды болғандарға болашақ қызмет орнын өз қалауымен таңдау мүмкіндігі де бар.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осы қасиетті борыштың қатарында Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл – заман талабы. Сондықтан қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындығымыз сақадай-сай болуы қажет. Әрбір мүмкіндікті мемлекеттің іргесін бекемдеп, қуатын арттыруға пайдалану керек.
Мемлекеттік құндылықтарды жоғары бағалайтын адал азаматтар әрдайым керек. Осы ретте әскери дәстүрлерді «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидаты негізінде жаңғырту бастамасы қолдау тапты. Ал Жас сарбаз қозғалысы жастардың бойына тәртіп, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерді сіңіретін маңызды мектеп.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Озық құндылықтарды дәріптейтін ұйымның қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы және студент бар. Әскери-патриоттық бірлестіктерде тәрбие алған азаматтардың көбі болашақ өмірін әскери қызметпен, құқық қорғау органдарымен және ұлттық қауіпсіздік жүйесімен байланыстырады. Мен Мемлекет басшысы ретінде жастарымыздың осындай ұмтылысын толық қолдаймын. Сіздердің араларыңызда қазірдің өзінде елеулі табысқа қол жеткізіп, құрдастары мен ізінен ерген інілеріне үлгі көрсетіп жүрген жандар бар.
Айбын ел болашағына жауапты ұрпақты тәрбиелейтін маңызды алаң. Мұнда жастар жеңіске жетуді ғана емес, тәртіпті, төзімділікті және елге қызмет етудің қадірін түсінеді.