Ел экономикасының қозғаушы күші - кәсіпкерлер десек, енді олардың үні партиялық деңгейде жиірек естілмек. «Әділет» партиясының жанынан жаңа Іскерлік кеңес құрылып, ол мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалог алаңына айналуды көздеп отыр. Жиында орталық мемлекеттік органдар мен ірі компания басшылары бас қосып, теміржол тарифтері, саланы цифрландыру және заңнамалық бастамаларды бірлесіп әзірлеу жайын талқылады. Кеңестің жұмысы нәтижелі болуы үшін экономиканың әртүрлі бағытын қамтитын жеті тең төраға бекітілді. Олардың қатарында отандық ірі өндіріс орындарының жетекшілері мен салалық қауымдастық басшылары бар. Алдағы уақытта құрылым кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдарын толғандырған мәселелерді іс жүзінде шешетін тұрақты орталық ретінде қызмет етпек.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, "ӘDILET" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Көлік және логистика саласын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл бағыт транзиттік табысты арттыруға, қызмет экспортын ұлғайтуға және өңірлердегі іскерлік белсенділікті күшейтуге тікелей әсер ететіні түсінікті. Сондықтан бұл сала "ӘDILET" партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Мұндай кездесулерді енді тұрақты түрде өткізетін боламыз. Ең бастысы - әр кездесу тек проблемаларды талқылайтын алаң емес, ол осы жолы қабылданған шешімдердің нақты нәтижесін де бағалайтын алаңға айналатын болады.