Онкологиялық ауруға шалдыққандарға дәрі-дәрмек неге уақытында берілмейді? Instagram аккаунтына шығып, осындай жазба қалдырған алматылық Назым Осака – олар бір ай да күте алмайды, неге біздің медицина бәрін уақытында істемейді? Мемлекеттің осыған назар аударуын өтінемін!- деген. Наразылығын білдіру үшін Назым шашын тықырлап алып тастаған. Сондай-ақ ол жарымжан адамдардың мүгедектігін дәлелдеу үшін жыл сайын комиссиядан өтетінін айтып, «сіздер Даун синдромымен туылған балада бір жылдан кейін артық хромосома жоғалып кетеді немесе аяғы жоқ адамда аяқ өседі деп шынымен ойлайсыздар ма? Не үшін бұл адамдар анықтамалар жинауы керек? Еш мүмкіндігі жоқ адамдарға мүгедектік өмір бақи етіп берілмейді?» деп налиды. Ол қайырымдылықпен айналысады екен, сіңлісі Даун синдромымен дүниеге келген. Назымның сөзі рас – Оралда онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар дәріден тарығып отыр. Батыс Қазақстан облысында 6 800 онкологиялық науқас есепте тұр. Жыл сайын жаңадан 1400 ауру анықталады екен... Андрей Тарасовтың туысынан қатерлі дертті былтыр анықтаған. Содан бері дәрі қабылдауды бастапты. Бірақ қажет дәрі желтоқсан айынан бері жоқ. Тегін таратылатын препаратты қала дәріханаларынан ақшаға да таба алмай жүр.
Андрей Тарасов, Орал қаласының тұрғыны:
«Аксастрол» дәрісі екі айдан бері жоқ. Бұл таблетканы операциядан кейін ұдайы ішу керек. Қайда шағымдансақ та, еш нәтиже шықпады. Бағасы 2-3 мың теңге, бірақ еш жерде жоқ. Бір қиыны, дәріні үзбей қабылдау керек. Егер арада үзіліс болса, жасалған емнің еш болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау басқармасы тапшы дәрі екі апта ішінде Оралға жеткізіледі, деді... Тағы бір тақырып – қоғамда дерматологиялық аурулар, соның ішінде терідегі ақтаңдақ сияқты созылмалы ауруға шалдыққандарға үркіп қарау бар. FoxTV арнасының репортері Ли Томас та витилиго ауруын 25 жыл жасырған. Қалың гриммен. Бірақ... Лидің историясы қалай аяқталғаны жалпы осындай тері ауруларына байланысты проблемаларды қаузаған Ришат Асқарбекұлының материалында баяндалады.
Әлемде ең көп тараған тері ауруларына қышыма қотыр, безеу және түрлі саңырауқұлақтық аурулар жатады. Алматыдағы тері-венерологиялық институты аталған дерттердің асқынған түрлерін емдейді. Соңғы жылдары халық арасында экзема, витилиго және псориаз сияқты дауасы жоқ дермотологиялық аурулардан зардап шегушілер артқан. Оны соңғы екі жылдың статистикасынан аңғару қиын емес.
Витилиго: 2016 жылы - 1243 адам
2017 жылы - жаңадан 1641 адам тіркелген.
Псориаз: 2016 жылы - 5908 адам
2017 жылы - 6209 адам ауруханаға жүгінген.
Бұл келтіргеніміз ресми мәліметтер ғана. Ал мыңдаған отандасымыз емханаға бармай, емшілерді жағалап жүр. Десе де ғылыми медициналық мекеме мамандары аймақтардан келетін науқастарға қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз, дейді.
Ерлан Исламов, Республикалық тері-венерологиялық институтының бөлім меңгерушісі:
Ең көп науқастар ол статистка бойынша псориаз және атопиттік дерматит деген аурулармен келіп жатады. Себептері дүниежүзінде әлі анықталмаған. Әлем мемлекеттері әлі зерттеп жатыр. Бірақ біз симтоматикалық емді қолданамыз. Әркімнің ауруының жағдайына қарай.
Алматыда тұратын мына жігіттің денесінде нүктеден пайда болған жара соңғы үш айда тәнінің едәуір бөлігін зақымдаған. Күлгін түсті дақтар буындардағы тері қатпарларын қышытып, адамнан маза қашады. Ғалымдар псориазбен бір рет ауырған адам өмір бойы дерматологтың бақылауында болатынын айтады. Оның пайда болу себебін мамандар бүйрек қызметінің әлсіреуі мен жүйке жұмысының бұзылуынан іздейді.
Жанат Мұқаш:
Негізі бір нүкте боп пайда болды, сосын ақырын қыши бастады. Содан білмей жүре бердім, мүмкін маса шаққан ба, аллергия ма деп. Сосын шынтақта пайда болды. Содан үлкейе берді...
Псориазбен ауыратындардың ең үлкен қауымдастығы Израиль республикасында орналасқан. Бірлестікке созылмалы теміреткімен зардап шегетін 120 мың науқас мүше. Мәліметтерге сенсек, осы тері ауруын зерттеп, оның нақты емін табу үшін әлгі ұйым 3 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсаған. Бірақ адам денесіне кенеше жабысқан жарадан жазылып кететіндер көрсеткіші төмендер емес.
-Бұл неге шығады? Бұл тұқым қуалайды. Бұл анықталған нәрсе, енді тез денеге тарап кетуі - денсаулығының әлсіреуіне байланысты...
Витилиго ауруын қазақтар ақтаңдақ дейді. Кейбір клиникалық белгілеріне қарай оны алапес деп те атаған. Псориазға қарағанда витилиго емге бағынады. Әр адамның ағзасына байланысты емдеу сауатты жүргізілсе, толықтай айығып кетуге де болады, дейді дәрігерлер. Қазақстанда тері аурулары инситуты мен жеке клиникалардан бөлек, бұл дертті шығыс медицинасын меңгерген мамандар да емдейді. Жәмила Асылбекқызына былтыр терісіне ақтаңдақ түскен 300 адам ем іздеп келіпті.
Жәмила Асылбекқызы, тибет медицинасы орталығының дәрігері:
Бұл қолдың терісі қалың болады. Сондықтан бірінші терінің көзін ашып аламыз. Сыртқы тері ашылған соң марлы қойдық. Содан кейін ашылған нүктелерге дәрі сіңеді. Бұл дәріні біз ешкімге айтпаймыз рецептін. Себебі бұл біздің құпиямыз.
Қазір ғалымдардың басты арманы ғылыми идеяны өндіріске енгізу. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы шунгиттің тері ауруларына бірден бір ем екенін ғылыми түрде дәлелдеген. Айта кетініні, шунгит әлемде екі-ақ жерде, Ресейдегі Карелия Республикасы мен Шығыс Қазақстанда ғана бар. Сергей Ефремов сол көмір текті минералдан косметикалық рецептер ойлап тапқан. Шунгит тастарын 48 сағат суға малып, одан алынған тұмбаға Іле Алатауының әр түрлі шөптерін қосып, емдік-профилактикалық сықпа майлар мен сабын шығарған.
Сергей Ефремов, химия ғылымдарының докторы:
Бұл денені жууға және жағуға арналған бұйымдардың негізгі құрамдас бөлігі – шунгит тастары. Осы химиялық элементтің минералдарын сіңірген судан дайындалады. Шунгиттік сорбенттерді алу үшін суға салып бірнеше сағат химиялық реакция болғанын күтеміз. Белгілі бір уақыттан соң технологиялық кезең басталады. Енді емдік-профилактилық мақсатта оны өндірске енгізуге қол жеткізе алдық.
Жанат Жұмағұлова, кәсіпорын иесі:
Патент ол кісінің өзінде. Инновациялық технология ретінде соны байқадық та, сол ғалымға арнайы барып жолықтық. Негізі мен өзім дәрігермін, мұны бұрыннан білетінмін. Балаларым аллергия болғанда, қолданғанмын.
Соңғы үш жылда біз айтып отырған витилиго, псориаз және есекжем сияқты созылмалы тері ауруларына ем іздегендер бұл өнімге ерекше қызығушылық танытатын көрінеді. Алматы облысында жолға қойылған өндіріс орнында күніне құрамында шунгиті бар 5 мың дана өнім шығарылып, берісі Ресей, арысы Азия елдеріне жөнелтіледі. Шаштараз қызметкері Тамаша Талғат көп жыл экземадан зардап шегетінін айтады. Екі баланың анасы есекжем шыққалы, үй шаруасына да жарамай қалыпты.
Тамаша Талғат:
Мына қолым тілім-тілім боп кетті. Түнде де ұйықтай алмайтын, ешқашан балаларыма тамақ та істеп бере алмайтын жағдайға жеттім. Көп қиыншылықтарға тап болдым. Өзіміздің отандық өнім бар, сабын бар деген соң келіп, қолдану арқылы едәуір қолдарым жақсы бола бастағанын байқадым.
Алматылық ғалымдар екі жыл бұрын тері аурулары мен зеңге қарсы отандық дәрі ойлап тапқан болатын. Микробиология және вирусология инситутында клиникалық сынақтан өткен сықпа май биыл сатылымға шықпақ. Академик Амангелді Саданов басқаратын мекеме 400 адамға сынақ жүргізіп, елімізде ең көп таралған саңырауқұлақты зеңдерді емдеуге таптырмас препарат деп бағалап отыр.
Ал кіріспеде айтқан витилиго ауруын 25 жыл жасырған Fox TV арнасының репортері Ли Томасқа келсек, телеарнадағы жұмысынан айырылып қалмас үшін ол соншама жыл бет-аузын қалың гриммен тұмшалаған. Алайда уақыт өте оның дерті асқынып, қолдарына жайылғанда, ары қарай жасыру мүмкін болмаған. Бұл туралы Lenta.ru ақпараттық сайты жазады. Ең маңыздысы - басшылары да, әріптестері де оның жағдайын түсініп, қолдаған. Бұл диагнозбен телеарнада жұмыс істей беруге рұқсат берген. Тек экранға шыққанда бетін әлі де бояп шығады.
Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».