Маңғыстау облысында құтыру індетінен төрт түлік қырылған. Бір ғана Жармыш ауылында қырыққа жуық түйе мен жылқы өлген. Жергілікті халық әкімдік өкілдерінен жәрдем сұраған. Алайда құзырлы мекеме сараптама қорытындысын күтіп, уақыт созып жіберген. Енді халық «індет малдан адамға жұға ма?»- деп алаңдап отыр. Аурудың алғашқы белгілерін ауыл тұрғындары былтыр қыркүйекте байқаған. Сол кезде 15 түйе мен жылқы өлген екен. Ветеринар мамандар ауруды анықтауға асықпаған соң тұрғындар өздері сараптама жасатады. Сол кезде оң нәтиже берген дейді. Ал өлген малдың саны 40-қа жеткенде, тағы бір сынама жасалған.
Жомарт Ұзақбаев, Жармыш ауылының тұрғыны:
Малды егу керек. Өткенде әкімге де айтқам. Әкім дәрі келмей жатыр дейді. Келген вакцина жеткіліксіз, келгені өтіп кеткен. Бізден басқа жақтар егілген.
Жармыш ауылының халқы малмен күн көріп отыр. Шағын шаруа қожалықтарымен қоса есептегенде ауылда 2 мыңға жуық түйе, 3 мыңдай жылқы бар.
Бейсенбі Бекмағамбетов, Жармыш ауылының тұрғыны:
Бір ай көлемінде хабар береміз, егер құтырған болса, содан соң ақша бөліп, вакцина жасаймыз дейді. Ал, оған дейін мал өліп жатыр. Алдында түйе көптеп өліп еді, енді жылқы малы өліп жатыр. Біздің ауылдан 35-40 мал өлді.
Азаматтар әу баста малы ауырғанда құтыруға шалдыққанын білмей, сойып алған көрінеді. Енді алаңдаулы.
Қалдыбай Теңселов, Жармыш ауылының тұрғыны:
Менің балам мал сойысқан, бірақ егілген жоқ. Егілмей жатқандар қаншама? Дәрі жоқ.
Жаманқұл Әлиев, Жармыш ауылы әкімдігінің бас маманы:
Лабораторияға жіберілді, нәтижесінде құтыру деп келді. Қазір біз аудандық ветстанциямен хабарластық. Олар вакцинаны күтіп отыр. Енді егу жұмысын бастамақ. Дизинфекция жұмыстары жүргізілген. Енді адамға санэпидемстанция қарайды ғой, олар өз жұмысын жасап жатыр.
Ал Ақтөбе облысында бруцеллезге шалдыққан ірі қара саны 300-ден асып кеткен. Бұл жағдай төрт түлікпен күн көріп отырған ауыл тұрғындарына үлкен соққы. Енді олар маңдай терімен өсірген ақадал малын амалсыз тиынға өткізіп жатыр.
Қазір облыста іңдеттің 19 ошағы белгілі. Мамандар оның сегізінде қауіп жоқ деп сендіреді. Алайда Ойыл ауданындағы жағдай мәз емес. Қаратал мен Кемер ауылдарының өзінен 100-ге жуық сиырдан ауру табылыпты. Тұрғындар ветеринар мамандарды көрсе, қаралай қорқатын хәлге жеткен. «Енді қалған малымыздан айрыламыз ба?», - деп шошиды. Көбінің ауру малды 300 шақырым жердегі облыс орталығына апарып тапсыруға жағдайлары жоқ.
Салахия Бейсенғалиева, Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұрғыны:
Менің екі бас малым шығып тұр. Біреуі туып тұрған. Оның бұзауын, 20 күндік, қалай бағамын енді? Күн көріп отырғанымыз сол мал ғой. Бір өзімнің пенсиям. Оны қалаға апарып тапсыратын адамым жоқ. Бір коммерсантқа салдым да жібердім. Жалғыз түйір бала қолымда бағып отырған, ол да далада, вахтада. Сол енді, халықтың жағдайын қарау керек қой...
Жыл басталғалы облыста 50 мыңнан аса малдан қан сынамасы алынып, 303 ірі қарадан бруцеллез анықталған. Бұл санның тағы қаншаға өсетінін әзір ешкім айта алмайды. Облыстың ветеринар мамандары мен Ойыл ауданының басшылығы тұрғындардан ауру белгілері анықталған малды тез арада түгелдей тапсыруды сұрап отыр.
Бұлбұл Күзембаева, Ойыл ауданының әкімі:
Шектеулерді пайдаланып сол ауылдағы ауру малдарды жоюымыз керек. Соған байланысты ветеринар мамандар заңның аясында жұмыс жасайды. Заңмен белгіленген ережеге сәйкес халыққа қызмет көрсетеді. Сойылған малдарда егер өзгеріс болмаса, мал иесінің өзіне де қайтарылып беріледі.
Мамандар 15 тәулік сайын малдан қан сынамасын алып жатыр. Ветеринарлық-санитарлық сараптамалардан соң мал иелеріне өтемақы беріледі. Еттің келісіне 1380 теңгеге дейін төленуі тиіс. Оның 70 пайызын ет өңдеу комбинаты, қалғанын мемлекет өтейді. Онда да сиырдың салмағы 200 келіден асса ғана көңіл жұбатарлық ақы алуға болады. Қыс мезгілінде малдың күйі төмен болатынын ескерсек, шаруалардың неге шулап жүргенін түсінесің. Қазір ауруға шалдыққан малдар Ақтөбеге жеткізіліп жатыр. Ет комбинатында сойылған сиыр еті бір тәулік сақталып, қауіпсіз деп танылса базар сөрелеріне жіберіледі. Ал қалғаны қайта өңдеуге тапсырылады. Осы жерде тағы бір мәселенің шеті көрінеді. Базарға, одан қалды мектеп, балабақша, аурухана асханаларына жетуі мүмкін малдың еті 100 пайыз қауіпсіз бе? Оған тіпті, ет комбинаты басшысының өзі күмәнмен қарайды.
Айбек Қалдығұлов, ет комбинатының директоры:
Бұрынғы кездері шалдыққан болса переработкаға кетуі керек еді. Қазір көрінбегенмен сонан кейін піскеннен соң көрініп қалады.Жалпы өзім реализацияға жіберіп жатқан малға қарсымын. Бүкіл мал бруцеллезге шалдықты ма, промбереработкаға өту керек қой бәрі.
Ал Қостанай облысындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты деп мәлімдейді, шенеуніктер. Дегенмен кейбір өңірдегі ахуал алаңдатарлық. Мәселен, Арқалық қаласының маңындағы Фурманов, Жалғызтал, Екідің, Көктау, Жаңақала секілді бес ауылда бруцеллез белең алған. Елді мекендерде ауру деп 5 мыңнан астам қара мал есепке алынса, соның 1562-сі ғана тексерілген. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбайдың айтуынша, жергілікті жердегі мамандар індеттің таралуын жасырады. Ал тұрғындар болса төрт түліктің санын түгел айтпайды. Дер кезінде бруцеллезге қарсы екпе салғызбайды. Соның салдарынан бруцеллез індетінен басқа да жұқпалы аурулар өрши түскен.
Берікжан Қайыпбай, Қостанай облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
Жоспарлы тексерулерден кейін, өткен желтоқсан айында сойылған малдардан туберкуллез ауруы анықталды. Бұл аша тұяқтылар «Арқалық тәжірбие стансасы» ЖШС-іне тиесілі. Осыдан кейін шаруашылықтағы барлық 417 ірі қара тексерілді. Соның 26-сы қауіпті індетті жұқтырғаны белгілі болды. Мұны Астанадағы ветеринарлық референт орталығы да растады.
Қостанай облысында кешенді диагностикалық тексеріс басталды. Ветеринарлық қадағалау комитетінің басшылығы төрт түлікті түгел тексеруге қаражат жеткілікті деп отыр. Мал арасындағы созылмалы індет бұрыннан бар. Сондықтан бруцеллез бірден «бұрқ етті» деу бекер сөз,–дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері.