Павлодардағы колонияның 11 қызметкері «сотталғандарды азаптады» деп, айыпталып жатыр. Бұл ақпаратты облыстың бұрынғы прокуроры Серік Қараманов хабарлаған, түрмелердегі азаптауға байланысты форумда. Қозғалған іс бойынша 16 адам, оның 11-і қылмыстық-іс-атқарушылық жүйесінің қызметкері, 5-і сотталғандардың арасынан тартылған белсенді, жауапқа тартылған. Зәбір көруші саны 26... Негізі бір рет сот болған. Бір ақ адам сотталған, ол да амнистиямен босап шыққан. Бірақ кейін сот прокуратураға істі қайта тексеруді тапсырған. Зорлық көргендердің айтуынша, зорлықшылар бастарына полиэтилен қалташа кигізіп, су толы бөшкеге тыққан, жалаңаш қолмен унитаз жуғызып, істемегендердің басын унитазға салған және... әрі қарай баяндай алмаймын... Зорлық пен тепкіден Балқаштан барған 28 жастағы Сайын Мұратбеков есімді азамат өліп кеткен. Түрмелердегі азаптауға байланысты жексұрын фактілер азаяр емес. Кейбіріне Әсемгүл Мұхитқызы тоқталады.
2016-ның 24-ші ақпаны. Жандос Әбдікәрімов үшін бұл қаралы күн. 10 жылға сотталған туған бауыры аппелециялық сотқа екі күн қалғанда кенет ажал құшты. Ақпарат агенттіктері дзюдодан елдің бірнеше дүркін чемпионы Бақытжан Әбдікәрімов түрмеде өз-өзіне қол жұмсады деп жарыса шулады. Есеңгіреп қалса да бір гәпті сезген ол прокуратураға шағымданып, істің ақ-қарасын анықтауға кірісті. Ең әуелі білгендері - Бақытжанды 5 күн бойы тоқтаусыз ұрған.
Жандос Әбдікәрімов, түрмеде қаза тапқан адамның бауыры:
Жүргізілген сараптамаға сәйкес, ауруханаға апарғанда ағам тілге келмей кеткен. Бұл дегенің – адамның денесінде бір тамшы қан қалмағандықтан, болатын өлім. Тексере келе, түрме белсенділері таңғы 6 мен 7-нің аралығында қатты қансырап жатқан бауырымды тырп еткізбей, ұстап тұрғандарын анықтадық. Ешкім көмек шақырмаған. Осы сұмдық жағдайды жасырып қалғысы келді олар. Бірақ біз бәріне көзімізді жеткіздік.
Жандос Әбдікәрімов елдегі қылмыстық түзету жүйесі былыққа белшеден батқанын ашына айтады. Заңды бұлжытпай орындауы тиіс орган керісінше, қарақшылық қағидасын бек ұстанғандай. Түрмелерде не көп - тәртіп бұзушылық, зорлық-зомбылық, әлімжеттік, азаптаулар көп. Бәрі ашық, тек жазаланып жатқандары шамалы. Бұл пікірге қоғам белсенділері де қосылады.
Сергей Молчанов, Еуропа Кеңесінің сарапшысы, медицина ғылымдарының кандидаты:
Бір кездері сотталушыларды құрыш трос, ағаш таяқтармен қарсы алатын. Одан кейін резеңке таяқшаны қолдану "сәнге" айналды. Яғни келген бетте адамдарды ұрып-соғу қалыпты жағдай болды. Осылайша түрме бақылаушылары оларды өздеріне бағындыратын. Қазір сәл өзгеріс бар. Әйтсе де, қысым көрсету жоғалған жоқ. Бүгінде зорлық-зомбылық психологиялық тұрғыдан жүргізіледі. Қорқытып-үркіту, азаптаймыз деп басыну деректері көптеп кездеседі.
Изолятор қызметкері зорлап, бала туған Наталья Слекишина бүгінде қалыпты өміріне қайта оралғандай. Алматыдағы сұлулық салондарының бірінде әмбебап шебер. Маникюр, педикюр, макияж бен шаш бояу сынды қызметтерді атқарады. Десе де, осыдан үш жыл бұрын болған оқиға естен кетпесі анық.
Наталья Слекишина:
Зорлық көрген жалғыз мен емес. Ол жақта түрме қызметкерлерінен бала тауып, жәбірленетіндер өте көп. Сондықтан осы бір сұмдықты тоқтатқым келді. Айналып келгенде мен Робин Гуд емеспін, бірақ кінәлі адамдарды жазаға тартқым келді.
Бұл іс бойынша түрменің төрт бірдей қызметкері істі болды. Сәбидің әкесі екені расталған Руслан Хәкімов 9 жылға темір торға тоғытылды да, қалған үшеуі жазадан құтылып кетті. Осыдан бір жыл бұрын 32 жастағы Наталья Слекишина сегіз айлық сәбиімен уақытша бостандыққа шықты. Жазасын араға бес жыл салып қайта өтемек. Бірақ келіншектің қорғаушысы оны ақтап алуға әрекеттеніп жүр.
Дина Телевич, Н.Слекишинаның ресми өкілі:
Дәл осындай сұмдық жағдайдан өткен адамға көмек ауадай қажет. Әсіресе, психологтың. Ойлаңызшы, туған баласы болса да, ол сәби сол қара күндердің естелігі іспеттес. Сондықтан қандай да бір күйзеліс болмау үшін маманның ақыл-кеңесі керек. Бірақ Наташа біз ойлағаннан мықты адам екенін көрсетті. Қазір жұмыс істеп, әділдік үшін күресіп жүр.
Орал қаласының тұрғыны Даниил Романов та «жүйедегі айуандықтың» құрбаны. Жол жиегінде қарбыз сатушыны атып өлтірді деген айыппен ұсталған ол бес ай қамауда отырған. Осы уақыт аралығында көрмегені жоқ. Қорғаным болар полиция әбден қорлады,- деп ағынан жарылды.
Даниил Романов, Орал қаласының тұрғыны:
Ішкі істер бөлімінің бастығы Мирлан Айкенов «кінәңді мойындап, қағазға қол қой» деп өзі бас болып сабады. Сосын қызметкерлері жұдырықтың астына алды. Кеудемнен теуіп, тісімді сындырды.Ұрып-соққанына көнбегесін, дубинкаға қуыққап кигізді де, сені осымен зорлаймыз деді. Шынымды айтсам, айыпты болмасам да, еркек болып қалғым келді. Әрі олар осының бәрін камераға түсіріп тұрды. Сосын амал жоқ, кінәм болмаса да мойындадым.
Айыбы дәлелденбегендіктен, Даниил сот залынан босап шықты. Қазір үйінде. 17 жастағы бозбала қапаста өткізген күндерінің елесінен әлі арыла алар емес. Ең жаманы, әлі күнге дейін оған белгісіз біреулер маза бермейді екен. Әлеуметтік желілер арқылы қорқытып, хабарлама жазады. «Ініңді ұрып-соғып мүгедек қыламыз, бұған көнбесең анаңды зорлаймыз» деп үркітеді.
Сергей Молчанов, Еуропа Кеңесінің сарапшысы, медицина ғылымдарының кандидаты:
Озбырлықтың белең алуына біріншіден, жалпы құқық қорғау жүйесінің айыптауға негізделетіндігі себеп. Екіншіден, адам кінәсін мойындаса ғана кінәсі толықтай дәлелденді деген тенденция қалыптасқан бізде. Бұл жерде Америкадағыдай айғақтарды жинап, оны дәлелдеу маңызды емес. Күдікті бұл қылмысты мен жасадым деп мойындаса болды, іс бітті. Сондықтан тергеушінің бар әрекеті адамды мойындату болып табылады. Осы кезде азаптаулар басталады.
Сергей Молчановтың сөзінше, түзету мекемелеріндегі қызметкерлерден көрген зорлық-зомбылыққа қатысты арыздың тек 3 пайызы ғана сотқа жетеді. Ал, қалған 97 процент жабулы қазан күйінде қала береді.
Жандос Әбдікәрімов, марқұмның інісі:
Егер адам қандай да бір қылмыс жасаса, ол түрмеде отыруы шарт. Оған келісемін. Бұл заңды. Бірақ мемлекет сотталушының темір тордағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Түрмеге тірі адамды жіберіп, кейін оның мүрдесін қабылдап алу деген не сұмдық! Олай болмау керек!
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Темір тордың ар жағында өмір бар деп айту қисынға келмес. Дегенмен ол жақта да үкілеген үміт, асқақ армандар мен болашаққа деген сенім бар екені даусыз. Тек олардың да Адам екенін түрме қызметкерлері ұғатын сәттің туатынына күмән бар. Бас прокуратура изоляторлардағы зорлық-зомбылықты тыятын реформаның жүріп жатқанын айтады. Бірақ осы материалды дайындау барысында павлодарлық прокурорлардан азаптауға байланысты комментарий ала алмадық.
Әсемгүл Мұхитқызы "Біздің уақыт".