Дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министрліктің «деструктивті діни ағым» дегенге анықтама беретін заң дайындағаны мәлім. Қазір Мәжіліс қарауында. Нақты қандай бағыттарды қосатыны белгісіз, тізімді сосын жариялаймыз деп отыр. Дегенмен кейбір белгілеріне тыйым салмақ. Мысалы, сақал пішімі мен ұзындығын регламенттеу ойлары бар. Министр «егер қажет болса, сақалды қай жерге дейін өсіруге болатыны жазылады» деді. «Әңгіме кез-келген сақалда емес, деструктивті ағымдағы адам деп табылған тұлғалардың сақалы туралы» деп қосты. Полицейлердің күдікті көрінген адамдарды бақылай алуы да бар... Рас, кезінде сақалды пайғамбар жасынан қоятын. Сонымен бірге суретші, архитектор, конструктор, сонымен бірге ақын-жазушы сияқты творчество адамдарының келбеттік «белгісі» іспетті болатын. Енді ондай заман тумас. Ал енді сақалды қанша см-ге дейін өсіруді «реттейтін» заң қабылданса, жағдайдың расында қиын болғаны. Бірақ шиленіп қалған түйінді қайшымен қия салса, «сақалдылар»деп шартты сипаттайтын проблема тарқатыла ма, мәселе сонда ғой! Сақалды кескізіп, балақты ұзартызғаннан сана өзгере ме? Иә, радикалды – эктремистік қауіп не істетпейін деп тұр... Базаргүл Отыншиеваның материалы.
...ол кезде «барбер шоп» деген жоқ, тек сақалды өсіреміз, ұзындау, түсінбейтін еді халқымыз мынау не деп, жаман сөзбен де айтып қалып жүрді...
Бұл - Биғасыр Әзмұхамбетов. «Ол кезде» деп осыдан 7 жылдай бұрынғы, «имиджін» өзгерткен шағын айтып отыр. Ал бүгінде елдің көзі оған үйренген. Батыс өңірінің халқына танымал Биғасыр «сақал-ердің сәні» деген қағиданы ұстанады. Ер адамның азаматтық келбетін айқындай түседі деп есептейді. «Жігіттерге сақал қоюға кеңес берер едім» деген батыл ойын да бүкпеді.
Биғасыр Әзмұхамбетов:
«Лев без грива это львица» дей ме, сол сияқты сақал болу керек деп ойлаймын. Тарихқа сүйенсек, ұлы адамдардың барлығында сақал болған ғой. Ол кезде басқа сақал еді, қазір заманауи сақал. Ұзындығын қадағалау керек. Қатты өсіп кетсе де әдемі болмай қалады. Сәнді де болмайды.
Сақалдың әуресі аз емес. Оны күтіп-баптауға бірталай ақша, уақыт керек. Қаулап өсіп кетпеу үшін екі-үш күнде мұқият бастырып тұрмаса болмайды. Мұның барлығын бұлжытпай орындайтын Биғасыр кеткен шығынын еселеп қайтарады. Мәдени шараларды жүргізетін жігіт «Елдің есінде сақалым арқылы жатталып қалам ба, әйтеуір шақырту көп » деп, ағынан жарылды.
Ал жазушы Мархабат Байғұттың пайымынша, бүгінгі ер адамдардың көбінің сақал қоюы өзгеше. «Ақыры өсірген екенсің ретке келтіріп, болмысыңа, бет-пішіміңе сай, жарасымды етіп жүр» дегенді жастарға жиі айтамын, дейді. Сақал қоюдың өзіндік әдебі, мәдениеті бар екенін түсіндіруден жалыққан емес.
Мархабат Байғұт, жазушы, қоғам қайраткері:
Ақсақалдардың сақалы мейірім төгіп тұратын, жылы шуақ тарайтын әр талынан, кейінгі кезде сақалдар суық көрінетін болды, сақалдан қорқатын заман болған сияқты. Сақал қоюда да мәдениет бар, кей қазақтар қырқуға болмайды дейді да, бетімен жібереді, ол ұйпа-тұйпа болып, сасық текенің сақалы құсап сарғайып кетеді.
Хош, сақал туралы неге тәптіштеп айтып жатырмыз? «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгеріс енгізетін жоба әзірленген. Бір жылдан бері талқыланып, піскен жоба Мәжіліске де жетті. Құжатты таныстыра келген Дін істері министрі «деструктивті діни ағымды ұстанатын адамның» бейнесіне қатысты тұсты айтып қалған...
- «это может быть характерные борода, это может быть укроченные штаны»...
Осылай деген Ермекбаев теріс діни ағым өкілдерін анықтауға қатысты нормативтік-құқықтық актілер қабылданатынын айта кетті. Қажет болса, ондай белгілердің нақты сызбасы жасалады, деді.
- «там будет конкретно указаны признаки и даже может быть эскизы и фотографий».
Қаумалаған тілшілер Ермекбаевтың осы сөзін іліп алды да кетті. Ал қарапайым көпшіліктің көкейінде талай сұрақтың қылаң бергені анық. «Енді сақал мен балақты тұтамдап өлшеу қалып па еді?», «Оның сызбасы мен мөлшері қандай болмақ?» деген пікірлер де айтылып жатыр.
Сарапшы Айнұр Әбдірасылқызы көшедегі көрінген сақалдыны жетелеп әкеп тергегелі жатқан ешкім жоқ дейді. Егер нақты бір заңбұзушылық орын ала қалса, қандай да бір заңсыз миссионерлік әрекет жасалса, әлдебір жеке тұлға өзінің діни көзқарасын екінші бір адамға тықпалағысы келсе, ол адам тексеріледі. Онда да алдымен діни көзқарасы, жамағатпен ара қатынасы зерттеліп, сақал мен балаққа содан соң ғана «кезек келеді».
Айнұр Әбдірасылқызы, ҚР ДАҚМ Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры:
Кейбіреулер үстірт пайымдап жүргендей «сақал немесе балақ деструктивті діни ағымды ұстанатындарда негізгі өлшем ретінде пайдаланады» деген қате түсінік. Заңға қайшы әрекет орын алғанда сол тұлғаның зайырлы мемлекетке, құндылықтарға көзқарасы қандай, белсенді сөздік қоры қандай, отбасы қандай- осылардың барлығы кешенді тексеріліп барып, осыдан соң ғана деструктивті ағым өкілдері өздері жалаулатып жүрген форма мәселесіне назар аударылады.
Иә, сарапшы жетесі бар адамның санасына сіңетіндей етіп айтты. Бірақ әсіре діншілдікке ұрынып, санасы тұманданған кей жастар мұсылман болудың, сүннет жолымен жүрудің жөні осы деп сақалды бетімен жіберіп, оны қоймағандарды дінсіз деуге дейін баратыны жасырын емес. Бұл көрініс елді алаңдатқаны рас. Елбасы да қазақтың кей жастарының діни сауаты таяз екенін айтып,діннің айналасында жүрген азаматтарға мұндай сорақылыққа заңмен тыйым салу қажеттігін ескерткені есте.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы кезде өрімдей жас жігіттер сақалын сапситып, балақтарын шорт кесіп келеді. Беттерін тұмшалап бүркеп, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана сезімімізге де дәстүрімізге де келмейді. /сәуір, 2017ж./
Қазақстанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң 2011 жылы қабылданды. Мемлекет пен дін арасындағы қатынасты ресми бекіткен құжат «миссиясын» орындап келеді. Тек, осы 7 жылда жағымсыз үрдістер әлемдік деңгейде күшейе түсті. Бұл біздің қоғамды да айналып өткен жоқ. Әсіре діншілдер артып, діни аудиторияға шетелден ықпал күшейді. Ақпараттық кеңістіктің ашықтығы да әсерін тигізді. Осыдан келіп діни қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіре түсу қажеттігі туды.
Айнұр Әбдірасылқызы, ҚР ДАҚМ Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры:
Халық білуге және сенуге тиісті бір нәрсе бар. Заң қатаңдандыруға емес ізгілендіруге негізделеді. Ешқандай үстірт көзқарас, шетін әрекет орын алмайды деп сенуге болады.
Қысқасы, заңға енгізілетін өзгерістер, оның ішінде «деструктивті діни ағымды ұстанатын адамның» бейнесін анықтау сақалдының бәріне қатысты емес. Сондықтан сақалды ханафи мәзхабына сай етіп, сүннет үшін немесе сән үшін қоятындар алаңдамаса да болады. Яғни заң жобасында әркімнің құқығы ескерілмек. Ал қоғам қайраткері Мархабат Байғұттың пікірі «сақалды өлшеу соншалықты жаман бастама емес-ау» дегенге саятындай...
Мархабат Байғұт, жазушы, қоғам қайраткері:
Кез келген нәрседе өлшем мен мөлшер болу керек, сақалда да солай, егер өлшем мен мөлшер болмаса боғы шығады дейді Абай, сондықтан сақалды мәдениетті түрде қоюымыз керек.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Қазақ «сөздің көркі - мақал, ердің көркі - сақал» дейді. «Ұлылардың барлығы сақалды болған» деп кейіпкеріміз Биғасыр айтқандай, шынында Абайдан бастап алыптарымызды сақалды бейнесімен жадымызда тоқып өстік. Қалай десек те, қазаққа сақал жат емес. Тек соңғы кезде «лаңкес, уахабист» ұғымдарымен астасып кеткені болмаса... Айналып келгенде адамның басты байлығы «жиғаны емес, иманы». Сол иманның мөлшері сақалмен өлшенбейтінін кей азаматтар ұмытпасын дейік.