Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті тапсырыспен өлтіргенін мойындады

AstanaTV
16.02.2018ж. 20:00
3082
Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті тапсырыспен өлтіргенін мойындады

Мұратхан Тоқмәди банкир Ержан Тәтішевті тапсырыспен өлтіргенін мойындады. Әрі осы үшін Әбіләзовтан 4 млн АҚШ долларын алғанын айтты. Алдымен 2 млн доллар, кейін қалған бөлігі қолына тиген. Қомақты қаржының алғашқы партиясына әйнек шығаратын кәсіпорын үшін алынған несиені жауыпты. Екінші жартысын жеке басына жұмсаған.

-Айтыңызшы, сіз өз кінәңізді мойындайсыз ба? - Иә. - Толықтай мойындайсыз ба? - Иә.

Сот процесіне БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Журналистер сот барысын көрші бөлмеден онлайн бақылауға ғана рұқсат алды. Жарты күнге жалғасқан отырыста 2 куәгер тыңдалды. Оның бірі Тәтішев өлген кезде қасында болған оққағары. Ол куәлік ету үшін арнайы Ресейден келіпті.

Сергей Козлихин, Е.Тәтішевтің бұрынғы күзетшісі, куәгер:

Мен рөлде отырдым. Қасымда бастығым Ержан Тәтішев, артқы орындықта Мұратхан Тоқмәди отырған. Қасқыр, қоян атып болған соң, Тәтішев мылтықты Тоқмәдиге ұстатты. Бір кезде оқ атылды. Көлікті шұғыл тоқтаттым да, машинадан қарғып түсіп, Тоқмәдиді сыртқа сүйреп шығардым. «Сен не істедің?» деп сілкіп қалдым. Оның өңі қашып кеткен. «Бұлай жасағым келмеді, ол қаруды маған өзі берді ғой» деді.«Шүріппені қалай басқанымды түсінбей қалдым, мен өмір сүре алмаймын» деген сөзді қайталай берді.

Экс-бизнесменге қатысты қылмыстық істің алғашқы отырысы біраз жайттың бетін ашты. Прокурордың айыптау актісінде келтірілген барлық қылмысын мойындаған Тоқмәди, банкир өлімін бұрмалауға сол кезде билікте болған кей адамдар көмек көрсетті, деді.

Айта кетейік, шыны жасау кәсібін дөңгелеткен Тоқмәдиге «Тұран әлем банкінің» бұрынғы басқарма басшысы, банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деген айып тағылған. Оқиға 2004 жылы желтоқсанда Қордай ауданы аумағында болған. Ал, сот процесіне әлі 100-ге жуық куәгер тартылмақ.