$474.47 €541.37 ₽6.08
×

Ақтөбеде зейнеткер алаяқтарға алданып, пәтерін сатып жіберген

AstanaTV
02.07.2026ж. 19:00
Ақтөбеде зейнеткер алаяқтарға алданып, пәтерін сатып жіберген

Ақтөбеде 71 жастағы зейнеткер алаяқтардың арбауына түсіп, барынан айырыла жаздады. Қаскөйлер қарияны 1 айға жуық үрейде ұстаған. Ақыры несие алдырып, пәтерін сатқызыпты. Ең сорақысы ол байқамай, шотына түскен өзге жәбірленушілердің де ақшасын шетелге аударып отырған. Барлығы өзін «Энергоснаб» мекемесінің қызметкері ретінде таныстырған адамның қоңырауынан басталыпты. Телефонға келген кодты айтқан сәттен бастап зейнеткер алаяқтардың толық бақылауына өткен. Артынша банк пен полиция қызметкері болып звондаған адам «Атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «Пәтеріңізді тартып алмақ», деп зәресін алған. Үрейге әбден бой алдырған зейнеткер 500 мың теңге несие рәсімдеп, ақшаны шотқа аударыпты. Кейін алаяқтар оның баспанасын сатқызған. Сөйтіп, егде жастағы азаматша өмір бойы жиған дүние-мүлкінен айырылған.

АЗАМАТ ӘБДРАХИМОВ, НЕМЕРЕСІ:

Әжеме звондайды , смс код келеді деп. Әжем оны айтып қояды. Кейін Егов адамдары хабарласады. Жаңағыдай «осылай-осылай, служба безопасности Егов деп». Дым байқалған жоқ. Ну соңғы күнге дейін кәдімгі күліп жүрген әже білдірткен жоқ бізге.

Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Абырой болғанда мамандар араласып, пәтерді сату мәмілесі күшін жойды. Айта кетейік, жыл басынан бері Ақтөбеде 500 ге жуық кибер алаяқтық дерегі тіркелген.

ЖӘНІБЕК ШАҒЫРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Тұрғындар кодты айтып қояды, сол кодты айтқаннан кейін қорқады не істейтінін білмей. Сосын алаяқтар сол уақытты пайдаланып, полиция болып звондап, алдап мәжбүрлейді банкке барып сол несиені алып, сол ақшаны қауіпсіз шот деп ақшаны аудартқызады. Осындай кезде 102 нөміріне хабарласу керек.