Елімізге шеттен келген инвестиция көлемі 150 миллиард доллардан асып жығылады. Осы арқылы Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылықты сақтап қалуды көздейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында айтты. Жиында қандай мәселелер талқыланды? Толығырақ әріптесім Бекболат Сатуов айтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз ұдайы орнықты даму бағдарын ұстанып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ең әуелгі міндет экономиканы және саяси бағытты жаңа талаптарға дер кезінде бейімдеу екеніне тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жалпыұлттық тарихи референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық, бұл құжат қазірдің өзінде халықтық Конституция ретінде танылды. Негізгі заңның бүгінгі отырыс қарсаңында күшіне енуі символдық мәнге ие. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайды.
Елімізде халықаралық бизнес үшін тартымды заманауи орта қалыптасқан. Инвесторларға жағдай жасау үшін үшін «бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды. Бұдан бөлек, шетелдік кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер мен оңайлатылған көші-қон рәсімдері де қарастырылған. Бұл бағытта жасанды интеллектіні қолдану табысқа жеткізетін жол,- деді Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекеттің инвестициялық саясатында жасанды интеллект технологияларына мән беру – аса маңызды басымдық. Бұл қайталанбалы үдерістерден арылып, «ақылды сүзгі» қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы инвесторларға жедел, нақты әрі тиімді қызмет көрсетіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелеріне заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғаш рет озық технологиялар негізінде екі суперкомпьютерді сәтімен іске қосты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Инвестицияларға цифрлық дәуір талаптарына сай келетін заманауи нормативтік-құқықтық база кепіл болады. Жақында Парламентте қабылданған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы ел дамуының айқын технологиялық жол картасын түзеді. Бұл құжаттар инновацияға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де лайықты жағдай жасайды.
Жасанды интеллект Қазақстанның білім беру жүйесіне де кеңінен енгізіліп жатыр. Бұдан басқа, логистика жүйесіне Smart Cargo цифрлық платформасы енгізілген. Осы арқылы негізгі көлік дәліздері цифрландырылады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстанның мұнай-газ саласын цифрлық тұрғыдан трансформациялау айтарлықтай алға жылжыды. Көміртегін өндіру мен өңдеу нысандарының цифрлық көшірмесін құруға айрықша назар аударылып отыр. Сонымен қатар шикізат өндіруден бастап сатуға дейінгі барлық жеткізу тізбегін қамтитын мұнай мен мұнай өнімдерін кешенді бақылау жүйесі енгізілуде.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық ынтымақтастықтың анағұрлым перспективті бағыттарына тоқталды. Аса маңызды материалдар саласында ашықтық пен технологиялық экожүйе қалыптастыруды басым міндет ретінде атады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қостық. Бұл жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін лицензиялауға және бақылауға қатысты 22 мемлекеттік қызметті автоматтандырды. Бұрын тек қағаз және магниттік форматтарда ғана болған 4,7 миллионнан астам архивтік геология құжаттары мен материалдары бірыңғай ұлттық цифрлық қорға көшірілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Қазақстанды Азия мен Еуропаны жалғайтын аймақтағы жетекші логистика торабына айналдыруды көздейміз. Еліміздің аумағы арқылы 13 ірі халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл Қазақстанның құрлықаралық тасымал тізбегіндегі ықпалы зор екенін көрсетеді. Қытай мен Еуропа арасындағы темір жолмен тасымалданатын жүк көлемінің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағымен өтеді. Мұның өзі әлемдік сауда мен өзара көлік байланысында негізгі рөл атқаратынымызды растайды.
Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз ету – стратегиялық міндеттің бірі. Бүгінде жасанды интеллект пен заманауи автоматтандыру технологиялары жаңа аграрлық революцияның өзегіне айналып келеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мұның бәрі егістік өнімін айтарлықтай арттырып, суды үнемдеп пайдалануға және қоршаған ортаға келетін зиянды елеулі түрде азайтуға мүмкіндік береді. Бұл үдерістердің маңызды екенін жақсы түсінеміз. Дәлме-дәл жоспарлау және болжамды сараптама үшін цифрлық технологияларды қолдану арқылы еліміз екінші жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осы нәтижені сақтап қалу үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын толық цифрландыруға кірістік.
Жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық дербестікті нығайту экономикамыздың, тіпті мемлекеттің ұзақмерзімді орнықтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше мәнге ие деді Президент. Жиын соңында Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі және еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы көп жылғы нәтижелі қызметі үшін Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысына қатысқан бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды.