Есілдің жағасында бой көтерген еңселі қала жылдан жылға көркейіп, толып-толысып келеді. Биыл Астанаға 28 жыл! Ширек ғасырдан астам уақытта бас шаһардың халқы бес есе өсіп, бүгінде 2 млн-ға жуықтаған. Құрылысы қарқынды, көркі тартымды елорданың тынысын тілшіміз Ақбота Базарбай жеткізеді.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Астана - жай ғана қала емес, бұл - бүкіл елдің тынысы, дамудың басты қарқыны. Мұнда әр тас тарихтан сыр шертсе, әр көше болашаққа жетелейді. Осыдан 28 жыл бұрын шағын ғана орталық болған Ақмола, бүгінде Еуразия жүрегіндегі алып мегаполиске айналды. Кешегі бос даланың орнында бүгін - асқақ армандар орындалатын, жаңашылдықтың жүрегі соғатын айбынды шаһар тұр. Біз бүгін Астананың тек мерекелік келбетін ғана емес, оның алып күші мен статистикалық құдіретіне де үңілеміз.
1998 жылы мұнда бар-жоғы 300 мыңға жуық халық тұрса, бүгінде бұл көрсеткіш 1 миллион 600 мыңнан асқан. Жыл сайын қала халқы орта есеппен 50-60 мың адамға толығып отырады. Бұл - әлемдегі ең тез дамып келе жатқан елордалардың бірі деген сөз. Қаланың жалпы өңірлік өнімі де жыл сайын еселеп өсіп, еліміздің экономикалық локомотивіне айналды.
БЛИЦ:
- Астана әдемі қала ғой. Жыл сайын көркейіп жатыр. Әдемі ЛРТ бар мысалы. Жаңа ғимараттар бар. Ауа райымен ұнайды сосын.
- Жас қала, әдемі қала, мүмкіндіктердің қаласы.
- Жаңадан ЛРТ жіберіп жатыр. Әлі де үлкен-үлкен табыстар болады деп ойлаймын.
- Өте тамаша қала. Өсіп жатыр. Ең бірінші жақсылығы мына жастар көп қалада.
Халқы толыққан сайын, қаланың тыныс-тіршілігі де жаңа деңгейге көтерілді. Инфрақұрылым құрылысы да уақыт көшінен қалыс қалған жоқ. Тұрғындар тілге тиек еткен ЛРТ жобасы - дәл осы қарқынды дамып жатқан инфрақұрылымның, қалаішілік жаңа көлік логистикасының басты символы. "Tarlan Astana" іске қосылғалы бері 3 миллионнан астам жолаушы қатынап үлгерген. Бүгінгі Астана тек суық бетон мен темір шарбақтардың жиынтығы емес. Бұл ең алдымен өмір сүруге жайлы, адам капиталына бағытталған интеллектуалды смарт-шаһар. Құрылыстағы әрбір жоба, әрбір жаңа квартал урбанистік озық ой мен заманауи сәулет өнерінің үйлесімді жемісі дейді мамандар.
БАХТИЯР БЕКЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ УРБАНИСТИКА ОРТАЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінде Астанада жасыл желек көлемі жан басына шаққанда 14 шаршы метрден асады, бұл көптеген еуропалық астаналармен бәсекелесе алатын көрсеткіш. Біз қазір 15 минуттық қала концепциясын енгізіп жатырмыз. Жаңа қоғамдық кеңістіктер, жаяу жүргіншілер жолы мен заманауи көлік хабтары Астананы жайлылық жағынан ТМД-дағы ең алдыңғы қатарлы қалалардың біріне айналдырды.
Қаланың экономикалық қуаты мен урбанистикасы оның алып тәні болса, мәдениеті мен өнері жұмыр жаны. Бас қала бүгінде тек саяси шешімдер қабылданатын орталық қана емес, әлемдік деңгейдегі мәдениеттің алтын бесігі. Мұнда жыл сайын жүздеген халықаралық форумдар, ауқымды көрмелер мен өнер фестивальдері өтіп, Елорданы жаһандық диалог алаңына айналдырып үлгерді.
САЛТАНАТ МҰҚСИМОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МӘДЕНИ ДЕМАЛЫС ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біздің қаланың барлық театрлары өздерінің көрермендерін шақыруда, өздерінің қойылымдарын қоюда, сонымен қатар барлық кітапханада мерекелік іс-шаралар өтіп жатады. Және біздің музейлерді де өз іс-шаралары жалғасын табатын болады.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Астана - асқақ арманның ақиқатқа айналған жері. Миллиондардың басын қосқан, болашақтың бағдарын нұсқаған бас қаламыз өркендей бермек. Өркендеудің өнегесі, жаңалықтың жаршысы болған елордамыздың тұғыры биік болсын! Туған күніңмен, Астана!