$472.03 €540.29 ₽6.11
×

Оралда ұлт жадынан ұмыт бола бастаған дәстүр қайта жаңғырды

03.07.2026ж. 19:00
Оралда ұлт жадынан ұмыт бола бастаған дәстүр қайта жаңғырды

Оралда қолөнер шеберлерінің халықаралық фестивалі өтті. Ұлт жадынан ұмыт бола бастаған дәстүрді қайта жаңғыртқан ісмерлер келушілерге арнап шеберлік сағатын да ұйымдастырды. Фестиваль қонақтары текемет басудың тәсілдерін үйреніп, құпиясына қанықты. Ал өзбек шеберлері қыш ыдысты безендіріп, әрлеу техникасын көрсетті. Фестиваль қонағы, өзбекстандық Бахтиёр Назиров Рившан керамикасын безендіруді жете меңгерген. Айтуынша, бір ыдысты қыштан дайындап, бояуға кемінде бірнеше күн кетеді екен. Бірақ ғасырлар өтіп, техника қанша дамыса да қолөнер ісі өзінің маңызын жоғалтпақ емес, дейді шебер.

БАХТИЁР НАЗИРОВ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

Қазір жиырмадан астам шәкіртім бар. Олардың көбінің өзі қолөнерші шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жетті. Бұл іспен айналысқаныма қырық жылдан асты. Сол кезден бері миллионнан астам бұйым жасаған шығармын.

Ал мамандар қазіргі жазу мәдениеті қазақтың оюынан қалыптасқанын айтады. Яғни, көне заман көшпенділері тау мен тасқа басылған таңбамен шектелмей, ою арқылы да тілдесе білген. Бабалар қалдырған осы дәстүрді енді ұмыт қалдырмай заман ырғағына сай жаңғырту керек дейді олар. Фестиваль халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесімен жалғасып, ұлттық спорт жарыстары өткізіледі.

ЕРЛАН ҚОЖАБАЕВ, СУРЕТШІ:

Ешқашан да бұл ескірмейтұғын табиғаттың заңдылығы. Қай заманда болса да, жойылмай әрі керектігін көрсетіп отырады. Сондықтан заманға сай, мұны қолдану керек. Бір-екі мың жыл бұрын қалай қолдандық, солай қазірге дейін қолдана беруге болмайды. Мұны заманға сай қолдану керек. Бірақ мағынасын жоғалтпау керек.