$472.03 €540.29 ₽6.11
×

Алматы облысында егіз сәбиін дүниеге әкелген 40 жастағы әйел ауруханада көз жұмды

AstanaTV
03.07.2026ж. 19:00
Алматы облысында егіз сәбиін дүниеге әкелген 40 жастағы әйел ауруханада көз жұмды

Алматы облысында егіз сәбиін дүниеге әкелген 40 жастағы әйел ауруханада көз жұмды. Марқұмның туыстары бұған  дәрігерлерді кінәлайды. Айтуларынша, операциядан кейін әйелге жан сақтау бөлімінде тиісті медициналық көмек көрсетілмеген. Сондай-ақ, олар  қайғылы оқиғаның мән-жайын жасырып отыр дейді. Толығырақ әріптесім Ғазиза Әмірбек тарқатады.

40 жастағы Қарлығаш Отарбаева дәл туған күнінде екі жанға өмір сыйлап өзі өмірден озды. Туыстарының айтуынша, марқұмның жүктілік кезінде денсаулығы жақсы болған. Алайда мерзімінен ерте 7 ай толғанда толғақ қысып, операция арқылы босанады. Бірақ жақындарына кесарь тілігі жасалатыны алдын ала ескертілмеді дейді. Сөздерінше, кейін жан сақтау бөлімінде әйелге тиісті медициналық көмек те көрсетілмеген.  Тіпті науқастың телефонындағы жазбаларды өшіріп, істі жасыруға тырысқан көрінеді.

ГҮЛСІН ҚАСАБЕКОВА, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:

3 этажға 6 палатаға шығарды мені, менің жағдайым жақсы» деп өзі айтып тұр. Ал врачтардың бізге айтқаны өтірік болды. Жоқ біз реанимациядан вообще қозғаған жоқпыз, сол жерде жатты, сол жерде қайтыс болды, біз 3 сағат реанимация жасадық өзіне-өзі келмеді деп өтірік айтты бізге.

БЕКМҰРАТ ОТАРБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Не жағдай болды оның бәрін жасырып отыр. Телефонындағы чипын ұрлап алған. Бермей қойды бізге. Чипы жоқ әлі. Неге оны врачтар алады? Қандай қақысы бар чипын алуға біреудің телефонындағы. Соны ұрлап алып мына запсиьтеріміздің бәрін өшірген ғой. 

Ал аурухана басшылығының мәліметінше, жүкті әйел перзентханаға ауыр жағдайда жеткізіліп, қан қысымы көтеріліп, мерзімінен бұрын босану қаупі болған. Сол себепті науқастың келісімімен шұғыл түрде кесарь тілігі жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, операция сәтті өткенімен, кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтаған.

ГҮЛНҰР КЕНЖЕБЕКОВА, АЛМАТЫ КӨПСАЛАЛЫ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Науқастың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келген барлық медициналық шара қабылданды. Өкінішке қарай, нәтиже болмады. Біздің клиникалық диагнозымыз бойынша, жүректің тоқтауына өкпе артериясының тромбоэмболиясы себеп болған. Дегенмен, бұл жағдайға байланысты ауруханада ішкі қызметтік тексеріс жүргізіледі. Сондай-ақ, барлық материал сот-медициналық сараптамаға жолданды.

Дүниеге келген сәтте-ақ анасыз қалған егіз сәби қазір ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Ал марқұмның жақындары оқиғаға қатысты жан-жақты тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.